МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында ардагерлер ұйымының басшылығы өзгерді.

 

 

Бұл орынға қалалық әкімдік басшылығы ақсақалдар алқасының мүшесі Григорий Кухарьдың қандидатурасын ұсынды. Ал төрағаның орынбасары Жаслан Құдабаевтың орнына қала әкімі жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Сара Тасеменова сайланды.  Бұдан кейін пленумда Жеңіс мерекесіне даярлық шаралары талқыланды. Облыс орталығында 436 соғыс ардагері бар. 732 жесір, 9595 тыл еңбеккері тұрады. Оларға сәуірдің аяғына дейін бірреттік жәрдемақы беру жоспарланған. Сондай-ақ бірқатар соғыс ардагерлерінің пәтер мәселесі шешілмекші. 42 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер пәтерге кезекте тұр.


Ғалия Балтабаева, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары: 

– 2004-2005 жылдардан кезекте тұрған 18 ардагердің пәтер мәселесі бірінші кезекте. Биылғы жылы Юбилейный көшесінен салынып жатқан 102 пәтерлі үйден осы 18 ардагер баспанамен қамтамасыз етіледі. Үй құрылысы сәуір айында аяқталады.


Ардагерлерді емдеу, сауықтыру шаралары үшін 11,9 миллион теңге бөлінді. Сәуірдің 17-сі қайырымдылық сенбілігі ұйымдастырылып, түскен қаржы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдау шараларына бағытталмақ. Бұл істердің де басы-қасында ардагерлер жүр.


Нұржан Әшімбетов,Петропавл қаласының әкімі:

– Негізгі мәселелерді шешуде көмек іздеп сіздерге келеміз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салаға қатысты сіздердің ойларыңыз керек.


Осылайша, кеңесті қорытындылаған ардагерлер ел тарихындағы атаулы мейрамды өз деңгейінде атап өту шараларына ерекше көңіл бөлуге шақырды. “Жеңіс жауынгерлері ” кітабын даярлауда әлі де белсенділік керек. Әзірге кітаптың бірінші томы баспаға жөнелтілді.