МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік субсидия озық технологиялар үшін беріледі.

Новоникольскідегі сүт кешені- еліміздегі тың жобаның бірі. Еңбекқорлық пен жоғары технологияны үйлестірген Геннадий Зенченкомен Ақылбек Күрішбаев ұзақ сөйлесті. Әңгіме арқауы – озық технология, жоғары өнімділік, тауардың қазақстандық мазмұны.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:


– Еңбек өнімділігін 2015 жылға дейін екі есе көтеру қажет. мал шаруашылығы артта қалды. Еттің – 29, сүттің 40 пайызын сырттан әкелеміз. Біріншіден соңғы технологияларды енгізу қажет.

Ақылбек Күрішбаев бастаған министрлік жыл сайын жаңашылдық енгізеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ. Өзгеріс мемлекеттік субсидияға қатысты. Тауар өндіруші ағайынға демеу қаржыны тең бөле салу – кешегі күннің ісі.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:


– Субсидияны беру өзгерді. Жәй сүт шаруашылықтары субсидияға 10 теңге алады, егер малдың 50 пайызы асыл тұқымды болса – 15 теңге, Зенченко сияқтыларға 25 теңгеден төленеді. 2,5 есе көп. Ынталандыру механизмінің арқасында дамытамыз.

Құс өндірісін дамыту да басым бағыттың бірі. Бұнда да демеу қаржы бөлудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұдан былай бірінші санаттағы кәсіпорын бір жұмыртқа үшін 2 теңге субсидия алмақ.

Александр Прядко, “Алекри” ЖШС директоры:

– Жаңа жүйеде кәсіпорынды жаңартып, дамытуға бет алған серіктестіктер үлкен қолдауға ие болмақ. Жаңа технологияны енгізу мол қаржының жұмсалуын талап етпей қоймайды. Сондықтан да мемлекеттің демеу қаржысы бізге ауадай қажет. Мен осы қаржыны алып, 25 мың тауыққа шақталған залды 75 мыңдық қылып тастадым. Біз әрі қарай дами бермекпіз.

Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ “Якорь СК”, “Вагулин”, “СБИагроның” басшыларымен де тілдесті. Несиелендіру механизмі, ғылым мен агрокешеннің қарым-қатынасы көптің көкейіндегі проблема екен.

Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің төрағасы Қуанышбек Есекеев «Қазақтелеком» АҚ облыстық дирекциясының қызметкерлерімен кездесті. Жиында телекомуникация жүйесін дамыту, интернет қызметін арзандату, инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан шаралар сөз болды.

Жыл өткен сайын «Қазақтелекомның» облыстағы филиалы қызмет сапасын жақсартып жатыр. Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің төрағасы Қуанышбек Есекеев алдымен тұрғындарға қызмет көрсету залының жұмысымен танысты. Филиал ұжымымен кездескен Агенттік төрағасы телекоммуникация, телевидение, интернет жүйесін пайдаланудағы жаңалықтар туралы әңгімеледі.

Қуанышбек Есекеев, ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің төрағасы:

-Жаңа қызмет кіргіземіз. Сол бойынша Интернетке қосылу көп болады.

Бүгінде Қазақстанда интернет жүйесінің қызметін арзандату басты міндеттің бірі болып отыр. Сондай-ақ отандық ұялы байланыс қызметін дамыту міндеті тұр. Сандық телевидение бойынша да сауал көп. Бұл қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарқынды жұмыс атқарылуы тиіс. Киров атындағы завод сандық телевидениені ауылға жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Инновацияны енгізуге қажетті негізгі қондырғылардың бірін кәсіпорын облыстың екі ауданында іске қосуға әзір. Агенттік төрағасы завод өнімдерімен танысты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін білікті мамандар қажет. Жаңа жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Есіл ауданындағы ауылшаруашылығы колледжінде болып, бірнеше елді мекен тұрғындарымен кездескен республикалық ақпараттық топ мүшелері Елбасы жолдауындағы осы басымдықты іске асыру жайында әңгімеледі.

Ақпараттық -насихат тобы алдымен Есіл ауылшаруашылығы колледжінің ұжымымен кездесті. Оқу орны агрономия, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, ауыл шаруашылығын механизациялау мамандықтарына оқытады. Елбасы өз жолдауында табыс кілті экономиканы әртараптандыруда екендігін айтты. Маңызды міндет – еңбек өнімділігін арттыру. Бұл үшін дамытуды талап ететін салалардың бірі –агроөнеркәсіп кешені. Есіл ауылшаруашылығы колледжі осы салаға маман даярлайтын оқу орындарының бірі. Заречный ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында да ақпараттық топ мүшелері ел экономикасын әртараптандыру, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ақпараттандыру мен телекоммуникация салалары бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Бұдан кейін топ мүшелері Явленка селосында аудандық бөлімдер мен ведомстволар басшыларымен кездесіп, “Жол картасы” аясында қолға алынғалы отырған жұмыстар жайында сөз болды.


Жанболат Смайылов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Солтүстік Қазақстан облысына 2010 жылға 5,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының 3,2 млрды республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге де осы мақсаттарға қарастырылған.


Өткен жылы Есіл ауданында 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 250-ден астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді. 320-сы қайта даярлау курстарында білім алып, жаңа мамандық иесі атанды.