МТРА жаңалықтары

Елімізде “Кең көлемді селекция” мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды.

 

 

“Кең көлемді селекция” бағдарламасы өңірдегі етті және сүтті мал басын көбейтуге бағытталған. Жоба кешенді түрде жүзеге асырылады. Мақсатқа жету үшін облыс ғалымдары бірқатар ұсыныстар жасап отыр. Алдымен сүтті мал 100 пайыз жасанды түрде ұрықтандырылуы тиіс. Ал етті мал шаруашылығында бұл жұмыс кезең-кезеңмен 2-3 жыл ішінде жүргізіледі. Қолдан ұрықтандыру пункттері барлық шаруашылықтарда іске қосылады. Оларды талапқа сай ұрықпен «Асыл түлік» корпорациясы қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде өңірдегі малдардың 60 пайызға жуығы жасанды түрде ұрықтандырылады. Жергілікті институт бұл кәсіпке өткен жылы 300 адамды үйретті. Кең көлемді селекцияны жүргізуде олардың пайдасы мол. Малды жаппай асылдандыруға өңірдің 30 шаруашылығы ниет етті. Оның 20-сы –  сүтті, 10-ы  етті бағытта. Селекцияға енген шаруашылықтар ғана мемлекет тарапынан субсидия алатын болады. 2010 жылдан бастап, шаруашылықтардағы шетелдерден әкелінген малдарды зерттеу үшін индекстік бағалау енгізіледі. Малдар жыл сайын сұрыпталып отырылады. Жүргізілген жұмыстарды ғалымдар күзде қорытындылайды.  Асылдандырылған сиырлар жылына 7-10 мың литрге дейін сүт берсе, етті мал өсіру бағытында да толағай табыстарға қол жеткізу көзделген.

 
Асқар Естанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:


Сиырлардың салмағы 550, 600, өгізшелер –  400-450 келіге дейін. Бір қыс, екі жаз ұстап, осындайға жетеміз. Қаңтардан бастап сәуірге дейін төл алуға тырысамыз, күзде 8 айға жеткенде енесінен айырамыз, біркелкі табындар құрастырамыз.

“Кең көлемді селекцияға” қатысушы асыл тұқымды шаруашылықтарды бақылайтын ақпараттық-талдау жүйесі енгізіледі.  Жемазық пен сүт сапасы да сарапталып отырады. Бұл бағдарлама әлемнің барынша дамыған 50 мемлекетінің қатарына енуге ұмтылған елімізде мал тұқымын жақсартуға жол салмақ.