МТРА жаңалықтары

Орман Басыбаев енді балалар үйін басқарады.

Қуаныш иесіне қылмыстық атқару жүйесіне сіңірген еңбегі үшін министрліктің кеуде белгісі табыс етілді. Бүгін Орман Мағелұлы үйреншікті жұмыс орнына басшы ретінде емес, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қадірменді ардагері ретінде келіп отыр. Оған жылы лебіздер, ән мен жыр арналды.
Орман Мағелұлы басқарған он жыл ішінде облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитетінде бірқатар жұмыстар тындырылды. Сондықтан әріптестері оның мол тәжірибесінен  болашақта да қол үзбесек дейді.

  Құмар Тоқтыбаев, СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы:

 


– Солтүстікқазақстандық қылмыстық атқару жүйесінің мекемелеріне қарап,  жұмысын жақсы деп айтамын. Тәртіп бар. Істеп кеткен жұмысына тек алғысымды білдіремін. Бізден әлі қол үзбейді деген сенімдемін.


Өмірінің 25 жылын осы қызметке арнаған Орман Басыбаев 10 жылдан артық осы құрылымды басқарды.  Облыстық басқарма  соңғы үш жыл қатарынан республикалық қылмыстық жүйе құрылымдарының көшін бастаған. Лейтенант болып келген жас бүгін тәжірибелі полковник шенінде қызметін тоқтатты.

Орман Басыбаев, әділет полковнигі:


 -Бұл саладан мен жақсы көңілмен кеткелі тұрмын. Қолдан келген қызметті атқардық. Халық өз бағасын берер. Жігіттермен қатынасып жүреміз. Өздері хабарласып, ақыл сұрайды. Қолдан келген ақылды беруге тырысамын. Әрі қарай да араласатын боламыз.

Әке көрген оқ жонар демекші, баласы Жандос та құқық қорғау органдарында қызметте, майор. Ал қызы Жанна  – қылмыстық атқару жүйесінің капитаны.

Жанна Шәкіржанова,  СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бас маманы:


-Әкемнің басты қағидасы: отбасындағы  ауыз бірлікті сақтай алған адам қызметіндегі тәртіпті де ұстай алады. Қандай болмасын шешім қабылдағанда 7 рет өлшеп,  бір рет кес, қандай қиын болса да шындықтан қашпа, адал бол деп ақылын береді. Бүгінгі жетістігіміз осы кісінің арқасы.

Педагогикалық институтты тамамдаған Орман Мағелұлы зейнет жасына жеткенімен  қоғамдық жұмыстан кеткен жоқ.  Бүгінде ол  – Соколов жетім балалар үйінің директоры. Түзету мекемесіндегі жас мамандарға оң бағыт берер ақылшы.