МТРА жаңалықтары

Ауыл шаруашылығы министрі бастаған насихатшылар Солтүстік Қазақстан облысына келді.

 


Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, республикалық ақпараттық-насихат тобының жетекшісі:


Қазіргі бәсекелестік заманында болашағын ертерек ойлаған ел алға шығады. Біз «Қазақстан -2030» стратегиясының алғашқы он жылындағы міндеттерді  орындап, екінші онжылдыққа қадам жасап отырмыз.

Ақылбек Күрішбаев – Ауыл шаруашылығы министрі, сондықтан ол өз баяндамасында осы саланың жағдайына баса назар аударды. Ведомство басшысы агроөнеркәсіп кешенінің алдында тұрған  негізгі үш міндетті атап өтті.  

  Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, республикалық ақпараттық-насихат тобының жетекшісі:

 
-Алғашқы міндет –  Жолдауда айтылғандай, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Шаруа қожалықтарын ірілендіру де -күрделі проблема.  Мал шаруашылығын дамытуды да мықтап қолға алған абзал. Біз биыл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың негізінде 40 орталық құрамыз. Олар шағын қожалықтардың тауарын өткізумен айналысады. Бұл салаға 5,5 миллиард теңге жұмсаймыз.

Бүгінгі таңда елімізде еттің 22 пайызы, сүттің төрттен бірі өңделеді. Ал көкөніс бойынша бұл көрсеткіш 4 пайыз ғана. Министрлік өңдеушілерді қолдауға дайын.
Ал Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеевтің баяндамасы басқа тақырыпта өрбіді.  

 

 Қуанышбек Есекеев, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы:


– IP-технологиясы мен телекоммуникацияның даму деңгейі бүгінде 20 пайыз шамасында. Ал бұрын тіпті 8 пайыз ғана болатын. Біздің елде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірегейі осы. Әлемдік технологияларға қол созып, бәсекеге қабілетті болу үшін бұл жұмысты біз жалғастыра береміз.

Сандық телевидение –  болашағы зор жобаның бірі. Қуанышбек Есекеев бұл тақырыпты да қозғап өтті. Айта кететін жәйт, Киров атындағы зауыт бұл бағытта жұмыс істеуге сақадай сай.