МТРА жаңалықтары

Қазақстанда білім беру жүйесі халықаралық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Елбасы Жолдауда бұл салада алдағы он жылда атқарылуы тиіс міндеттерді айқындады. Бірінші кезекте балабақша мәселесі шешілмек. 2020 жылға дейін барлық балалар мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мекемелерімен толық қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар 2020 жылға қарай орта білім беру жүйесіне 12 жылдық оқыту моделі толық енгізілмек. Бұл бағыттағы шаралар 2003 жылдан қолға алынған болатын. Бүгінде республика бойынша 104 мектепте эксперименталдық алаңдар жұмыс істеуде.

Нұрғали Аршабеков, ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің директоры:

-Мемлекеттік жалпыға білім беру стандарттары дайындалды. Мектептердің материалдық-техникалық базасын құрауға үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Орта білім беру жүйесінің сапасын көтеруде интеллектуалдық мектептердің ашылуы маңызды рөл атқармақ. Физика-математика және химия-биология пәндеріне басымдық берілетін 20білім ошағы өңірлерде ашылады. Еліміздің бірінші Президентінің есімін иеленетін мектептердің құрылысы үстіміздегі жылы басталады. Жоғары білімнің сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Алдағы уақытта еліміздің мерейін көтерер осындай игі істер жетерлік. Облыс педагогтары Нұрғали Аршабековке өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Ұстаздарды шағын комплектілі мектептердің жағдайы мазалайды екен. Айта кету керек, елімізде осындай 4300 мектеп бар екен. Осындай білім беру ошақтарын дамытуға бағытталған Концепция бүгінде әзірленіп жатыр.

Нұрғали Аршабеков, ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің директоры:

-Жұмыс тобы құрылды. Қазірде олар аймақтардан түскен материалдарды өңдеп жатыр. Педагогикалық институттардан да ұсыныстар түсіп жатыр. Наурыз айының аяғында Концепцияның жобасын бекітуге ұсынамыз.