СпортНовости МТРК

«Есіл СК» ВК — ел чемпионатының күміс жүлдегері

Ел мерейін асырған жігіттерді жанкүйерлері ду қол шапалақпен қарсы алды. Көптің арасында «Есіл СК» волейбол клубының директоры да жүр. Ол спортшыларды жүлдемен құттықтап, алғысын білдірді.

Әділ Мәкенов, «Есіл СК» ВК директоры:

— Биылғы чемпионат біз үшін сәтті өтті. Алғашқы кезеңдері қиынға соқса да спортшыларымыз бар күш-жігерін салып, үздіктер қатарынан көрінді. Былтыр біріншіліктің қола жүлдегері атанғанбыз, енді күміс бұйырды. Алда алтын иегері атануға тырысамыз.

Жарыстың 1-ші кезеңі қараша айында басталған еді. Шешуші турда спортшылар 4 кездесу өткізген. Жүлделі орын үшін қызу талас тараздық және атыраулық командалар арасында болған екен.

Алексей Теренин, «Есіл СК» ВК бас жаттықтырушысы:

— Жаңа жылдан кейін Өскеменге барып, 5 ойында жеңіп, 5-ші орынға көтерілдік. Қорытынды 4-ші тур Тараз қаласында өтті. Мұнда Маңғыстау командасымен күш сынасып, 4-ші орын алдық. Осылайша, плей-оффқа шықтық. Сөйтіп, 5 партияда 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Барлығы таң қалды. Тараз бізді оңай ұтамыз деп ойлаған еді. Нәтижеге көңіл толады.

«Есіл СК» командасында 12 волейболшы бар. Мүшелері қала мен аудандардан іріктелген ойыншылар екен. Сергей Костив — ұжым капитаны. Тимирязев ауданының тумасы құрама сапында 12 жыл бойы өнер көрсетіп келеді.

Сергей Костив, «Есіл СК» ВК капитаны:

— Командалық ойынымыз жақсы. Тараздықтармен 2 кездесу болды. Екеуінде де жеңдік. Соңғы ойын атыраулықтарға қарсы өтті. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық.

Жалпы, жарыстың қорытындысы бойынша алтынды «Атырау» командасы қанжығасына байлаған. Күмісті теріскейліктер еншілесе, тараздық клуб қоланы иеленді.

Самал Жунусова