Спорт

Теріскейлік конькимен жүгіруші Иван Аржаников Олимпиада ойындарына жолдама алды

Спортсүйер қауым үшін сүйінші жаңалық. Солтүстікқазақстандық конькимен жүгіруші Иван Аржаников Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Ақпанның 4-і күні басталатын жаһандық жарыста жерлесіміз 500 және 1000 метр қашықтықта бақ сынамақ. Аспан асты еліне өңірімізден жалғыз аттанатын спортшы қазір елордада соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Теріскейлік саңлақ арна тілшілерімен телефон арқылы байланысқа шығып, аз-кем ақпармен бөлісті.

Иван Аржаников, конькимен жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

— Жақында мұзға қашан шығатыным белгілі болды. 12-ші ақпан күні — 500 метрге, ал 18-і күні 1000 метрге жүгіремін. Маған қолдау көрсететін жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.

Алдияр Айтпаев