Новости МТРК

Петропавлда 19 жасар қыз құрылысы бітпеген көпқабатты үйден секіріп кетті

Халықаралық әйелдер күні Петропавлда қайғылы оқиға орын алды. Наурыздың 8-і таңертең 19 жастағы бойжеткен шаһардағы құрылысы бітпеген көпқабатты тұрғын үйден секіріп кетіп, мерт болды. Бұл жаңалық өңір тұрғындарын дүр сілкіндірді. Білім қуып, сонау Шымкенттен келген жергілікті университет студентінің өз-өзіне қол жұмсау себебі әзірге анықталып жатыр.

Саят Ермек – тілші:

— К.Сүтішев пен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан бұл 13 қабатты тұрғын үйдің құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Ал 3 күн бұрын, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнінде қаралы хабар осы жерден жетті. Ғимараттан өз еркімен секіріп кеткен бойжеткен 2000 жылы туылған екен. Бізге белгілісі бір — өмірін қимас бұрын ол туған-туысқандарына хат жазып қалдырған.

19 жасар Малика Әлібек бұл хатта не жазды? Өрімдей жас бұрымдының өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болды? Бұл ақпардың бәрі — құпия. Ата-ана қайғыдан қан жұтып отыр, полицейлер оқиғаның мән-жайы турасында тіс жармақ емес. Айтуларынша, тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Марқұм  М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі жоғарғы медицина мектебінің 1-ші курсында оқып жүрген екен. Шымкенттің тумасы Астана қаласы әкімінің грантын ұтып алған. Ақылды, сабырлы, белсенді қыз өз өмірін өзі қияды деп кім ойлаған?!

Нұрлан Баимбетов — М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры:

— Қасында бірге тұратын қыздардан сұрастырдық, оғаш еш нәрсе байқаған жоқпыз деді. Сабақ үлгерімі жоғары десе болады, өз тобының басшысы. Кеше әкесі мен ағасы келді, жағдайды түсіндірдік. Қазіргі уақытта оқиға себептерін біз айта алмаймыз, құзырлы органдар тергеп, тексеру шараларын жүргізіп жатыр.

Бұл — Малика тұрған жатақхана. Коменданттың сөзінше, бойжеткен наурыздың 8-і сағат таңғы 9-дар шамасында ғимараттан шығып кеткен. Араға бір сағат та өтпей қайғылы хабар келіп жетеді. Бұл қадамға Маликаны не итермелеуі мүмкін? Психолог-маманның сөзінше, суицид жасау туралы шешімді адам бір күн немесе бір сағаттың ішінде қабылдамайды. Ал оған итермелейтін себептер сан алуан болуы мүмкін.

Татьяна Яковлева — облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы:

— Сараптама нәтижелеріне жүгінсек, жастар арасындағы суицидтің ең кең таралған себебі — отбасындағы кикілжіңдер, ата-ана мен жас азаматтың арасындағы түсініспеушіліктер. Екінші орында — жауапсыз махаббат. Төменгі материалдық жағдай мен экономикалық проблемалар да көп жағдайда өз-өзіне қол жұмсауға әкеліп соқтырады. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін балаларыңыздың, құрбы-құрдастарыңыздың іс-әрекеттеріне, көңіл-күйіне жіті назар аудару қажет.

Шынымен де, өз еркімен өмірмен қош айтысу фактілері елімізде жыл санап көбеймесе, тыйылар емес. Жалпы, бүгінде әлем бойынша Қазақстан суицид ең көп кездесетін елдердің қатарында. Статистика бұл қадамға баратын жандардың жыл санап жасарып жатқанын да жеткізуде. Алысқа бармай-ақ қояйық, өзіміздің солтүстік өңірде соңғы екі жылда 150-ге жуық өзі-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Мамандар суицид жасау — мәселенің шешімі еместігін алға тартуда. Психологтар кез келген жанға көмек көрсетуге дайын. Ол үшін азамат 150 немесе 49-32-41 нөмірлері бойынша сенім телефондарына хабарласа алады. Кәсіби мамандар жаны күйзеліске түскен адаммен сырласып, қажетті қолдау көрсетеді.

Саят Ермек