Без категории

Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті


Байқау шымылдығын «Көзімнің қарасы» композициясының ырғағымен мың бұралған бишілер ашты. Аздаған уақыттан соң, сайыс та басталып кетті. Сахнаға алғашқы болып Сергей Воронцов шықты. Ол көрермендер назарына Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді ұсынды.

Сергейдің қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған екен. 10-сыныпта бір тоқсан бойы қазақ ауылында оқыған ол, әрі қарай осы тілді жетік меңгеруге тырысқан. Жерлесіміз облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатысқан. Өткен жылы Республикалық байқаудан 2-ші орынды еншілепті. Одан бөлек, ол ағылшын, испан тілдерін де бар ынта-жігерімен меңгеруде.

Сергей Воронцов — байқауға қатысушы, Ғ. Мүсірепов атындағы аудан:

— Осы сайысқа қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Меніңше, Абай оқулары болсын, Мағжан оқулары болсын қазақ тілі деңгейінің көтерілуіне септеседі.

Ал Лашын Кәкім бүгінгі байқауға Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» әңгімесінен монолог әзірлепті. Оның кейіпкері Семей полигонынан зардап шеккен Ләйлә есімді қыз. Жаны жаралы Ләйлә көбіне аймен сырласып, бар мұң-зарын, қайғы-қасіретін соған айтумен болады.

21 жастағы Лашын Тимирязев ауданында мұғалім болып еңбек етеді. Ұстаз болғандықтан, балаларға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды әдебиетке баулу менің міндетім дейді бойжеткен.

Лашын Кәкім — байқауға қатысушы, Тимирязев ауданы:

— Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан, оқушыларға үлгі болу мақсатында өзіміз де байқауға қатысып, қолдап отырмыз.

Қазылар алқасы қатысушыларды оқу шеберлігі, дауыс мәнері, сахналық образ және тіл тазалығы бойынша бағалайды. Бұл сайыста 17 мен 29 жас аралығындағы 14 үміткерлер бақтарын сынады. Жалпы Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауында қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақын-жазушылардың шығармашылығынан үзінділер оқылды.

Әсем Сүлейменова — СҚО әкімдігі тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

— Байқаудың басты талаптары — патриоттық сезімді ояту, талантты жастарды табу. Шара 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Негізінен, 2 турдан тұрады. 1-сі — кез келген ақын-жазушылардың прозасынан үзінді оқу. Екіншісі — поэзиядан өлең оқу.

Байқау жеңімпаздары дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал бас жүлде иегері қыркүйек айында өтетін Республикалық кезеңге жолдама алады.

 

Молдир Макишева