Sailau banner

Қоғам

Облыста желтоқсанның бірінші онкүндігінде аяз күшейеді

Солтүстік Қазақстан облысында қараша айы әдеттегіден жылы болды. Мысалы, айдың ортасындағы ауа температурасы климаттық нормадан 4-5 градусқа асты. Өңір тұрғындары қысқы етікті сайлап, жылы киімді сандықтан шығарса да әлі кимеді. Қашан аяз болады? Бұл сұрақты синоптиктерге қойдық.

НАТАЛЬЯ ЛЕВИНА, «Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
– “Климаттың өзгеруі – тек белгілі бір өңірге емес, бүкіл жер шарына тән құбылыс. Қазақстанда ауа температурасының біртіндеп жоғарылау үрдісі байқалады. Соның әсерінен жылы мезгілдер ұзақ тұрады. Яғни, қысқы кезеңге өту, соның ішінде қардың түсу мерзімі бұрынғы жылдармен салыстырғанда кешеуілдеуде. Алдағы уақытта антициклон келеді деп күтілуде. Соның әсерінен сынап бағанасы төмендейді”.

Көпті күттірген қардың ұшқыны Петропавлда ертең байқалады. Дегенмен, жер тұтас ақ көрпені жамылмайды. Синоптиктердің пікрінше, болар-болмас ұлпа түседі. Алдағы күндері де сондай құбылыс байқалмақ. Ал желтоқсанның алғашқы онкүндігінің ортасында аяз күшейеді. Яғни, осы кезеңде қыс қаһарына міне бастайды.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, СҚО бойынша «Қазгидромет» филиалының бөлім басшысы:
– “Қар түскеннен кейін қар жамылғысын бақылауға кірісеміз. Әр он күн сайын өлшеу жүргіземіз. Мамандар ұзындығы бір немесе екі шақырым болатын арнайы бағыттар бойынша есептеу шарасына шығады. Бұл мәліметтер гидрологиялық болжам жасауға, соның ішінде көктемгі су тасқынын алдын ала бағалауға қажет”.

Ауа райын бақылау үшін облыста арнайы құрылған 11 және 5 автоматты метеостанция жұмыс істейді. Алғашқысында жауапты істі мамандар тындырады. Ал екіншісінде заманауи құрылғылар мәліметтерді әр минут сайын тіркеп отырады.

НИКИТА ЗАХАРОВ, инженер-метеоролог:
– “Біз әр 3 сағат сайын метеоалаңға шығып, топырақтың жағдайы мен температурасын өлшейміз. Содан кейін ауа температурасын тексереміз. Станцияда көктайғақ пен қырауды анықтайтын, жауын-шашын мөлшерін өлшейтін құралдар бар. Көріну қашықтығы мен бұлттылықты да анықтаймыз. Бұл ретте бұлттың түрі мен мөлшерін бағалаймыз”.

Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мамандар ертең көктайғақ болатынын айтады. Облыстың басым бөлігінде бұрқасын күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетпек. Жолға шыққанда абай болған жөн.

Улан Ыдырыс