Петропавлдағы түнгі дәмханалардың бірінде жүргізілген рейд барысында бірқатар құқықбұзушылық анықталды. Бұл жерден «102» арнасына хабарламалар жиі түседі. Тіркелген жайттардың ішінде полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіру және қоғамдық орынға мас күйде келу деректері бар. Дәмханаға дер кезінде бас сұққан полицейлер төбелестің алдын алған.
«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы аясында облыста үш күнде мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Біразы жолда жүру ережелеріне қатысты. Жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзудың – 60-тан астам, мас күйде көлік басқарудың 20-ға жуық дерегі анықталып отыр. Ішіп алып көлік басқарған 30 жастағы жігітті де тәртіп сақшылары Фурманов көшесінде тоқтатты.
Мас күйде болғаны бір бөлек, ер адамның көлік басқару құқығы да болмай шықты. Мас жүргізушілердің көптігі соншалық үш күннің ішінде мұндай 30-ға жуық жағдай тіркелген.
