Sailau banner

Заң

Ақша да, жиһаз да жоқ: Петропавлда тұрғындарды сан соқтырған әйел ұсталды

Петропавлда Алдар көсенің өзін алдап соғар әйел ұсталды. Оған қатысты бір емес, бірнеше адам арыз жазған. Қу нәзікжанды ойлағанын үйде отырып-ақ тындырыпты. Ол әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру және жеткізумен айналысатындығы жөнінде жарнама қалдырған. Дегенмен, қызметін көрсетпеген.

АСХАТ ӘЛМҰРЗИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
– “2025 жылдан бері кәсіпорын өз міндеттемелерін орындамаған. Алаяқтық қарапайым жолмен жүзеге асқан. Қызмет ұсынушы тарап шетелдік өндірушілердің жиһаздарын жеткізуге уәде берген. Алайда, кейін мұндай өндірушілердің мүлде жоқ екені анықталды. Бүгінгі таңда келтірілген жалпы шығын 15 млн теңгеден асады”.

Полицейлер жәбірленушілерді анықтау жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде серіктестік иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікті деп танылды. Кәсіпорынның басқарушысы – 35 жастағы қала тұрғыны. Мамандар ол клиенттерден төлем қабылдағанымен, тұтынушы таңдаған тауарларға жеткізушілерден тапсырыс бермегенін анықтады. Бұлар осыған ұқсас іске 24 мәрте барған.

АСХАТ ӘЛМҰРЗИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
– “Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға ескерту жасағым келеді. Қандай да бір қызметке тапсырыс бермес бұрын кәсіпорын туралы пікірлерді зерттеңіздер. Мүмкіндік болса, ұйымға өздеріңіз барып, қажетті тауарлардың бар екеніне көз жеткізіңіздер”.

Енді күдіктілерге ірі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Петропавлдықтар интернет арқылы жиі сауда жасай ма? Алданғандар бар ма? Осыны анықтау үшін тұрғындармен тілдестік.

Жыл басынан бері өңірде жоқ тауарларды сатуға байланысты 48 интернет-алаяқтық дерегі және интернет арқылы қызмет көрсету кезінде алдаудың 30 жағдайы тіркелді. Полицейлер алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы қырағылық екенін еске салады.

Нурасыл Ахмет