Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейлік шаруалар Астанада өткен “Соғым Fest” жәрмеңкесіне қатысты

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Қазақ халқы қыстың қамын жаз ойлап, соғымын ерте сайлаған. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүр. Бүгінде осы үрдіс заманауи жәрмеңкелерде де жалғасын тауып отыр. Астанада тұрғындарға қысқы азығын қолжетімді бағамен қамдауға мүмкіндік беретін «Соғым Fest» жәрмеңкесі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері де қатысып, саудаға 8 тонна ет өнімін шығарды. Бағалары дүкендегіден 15-20 пайызға төмен”.

Сауда-саттық “Jurt” базарында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жылқы етінің келісі – 3500, сиыр еті 3300 теңгеден саудаланды. Таңсәріден сауда қызу жүріп жатыр. Барлығы теріскейден әкелінген өнімді алуда. Сауда сөрелері өңіріміздің құнарлы топырағында өсірілген, кәсіпорындарында өндірілген тауарларға лық толы.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Басты мақсатымыз – теріскейде өндірілген өнімді делдалсыз, өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізу. Біздегі еттің сапасы жақсы, адам денсаулығына пайдалы. Мәселен, Уәлиханов және Ақжар ауданында пайдалы шөптің 180-нен астам түрі өседі. Астаналықтар Солтүстік Қазақстан облысынан әкелінген өнімді жақсы көреді. Қазан айында өткен жәрмеңкеде мың тоннадан астам тауар саудаладық”.

Уәлиханов ауданының тауарөндірушілері шараға 2 жылқы етін жеткізген. Әрқайсысының қоңы жақсы, семіз күйде. Жыл басынан аудан шаруалары 20-дан астам республикалық және облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысыпты. Бірде-бір рет әкелген өнімдерін қайта әкетпеген. Барлығын белгіленген уақытқа жетпей саудалаған.

ҚАЙСАРБАЙ КӨЗЖАНОВ, “Қайсарбай” ЖК басшысы, Уәлиханов ауданы:
– “Сауда-саттық жаңа ғана басталды. Бірер минуттың ішінде 1 сирақ жылқы етін сатып үлгердік. Жылқыны кеше ғана даладан әкеліп, сойдық. Бізде бәрі табиғи.

Айыртау ауданынан елорда төріне жеткізілген етке қызығушылық танытқандардың қатары көп болды. “Әміржанова” жеке кәсіпкерлігі Астанада өткен жәрмеңкелерден қалған емес. Сатушысы Жазира Исаханова мұндай шаралардың жиі өтуі кәсіпкерге де, халыққа да өте тиімді деп санайды.

ЖАЗИРА ИСАХАНОВА, “Әміржанова” ЖК сатушысы, Айыртау ауданы:
– “2 тонна жылқы және сиыр етін әкелдік. Астаналықтар бізді жылы қарсы алды. Саудамыз жақсы жүріп жатыр. Айыртаудың еті өте дәмді. Ауамыз таза, шөбіміз шүйгін”.

Сауда алаңына шығарылған барлық ет өнімі алдын ала тексеруден өткен, сапасына бақылау жасалды. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кету керек, жыл сайын елде ет өндірісі қарыштап дамып келеді. Экспорт көлемі де артуда.

БАҒЛАН АЙМҰРЗАЕВ, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры:
– “Биыл республика бойынша 1 млн 200 мың тонна ет өндірілді. Оның 40 пайызы сиыр етіне тиесілі. Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отырмыз”.

Жәрмеңкеге келушілер өнім құнының төмендігі мен сапасын ерекше айтуда. Шара барысында елорда тұрғындарымен тілдестік. Араларында теріскейлік етті сағынып келген бұрынғы жерлестеріміз де бар. Өңірден әкелінген ет өнімдері толықтай саудаланды. Айта кетейік, Астанада “Соғым Fest” жәрмеңкесі жыл соңына дейін жалғасады. Теріскейліктер еңбеккерлер шараға апта сайын қатысуды жоспарлап отыр.

Нурасыл Ахмет