Спорт

Петропавлда “Qyzyljar Open Breaking” чемпионаты өтті

Петропавлда “Qyzyljar Open Breaking” ашық чемпионаты өтті. Сайыс алаңына 5 пен 30 жас аралығындағы 100-ден астам биші жиналды. Жеңіске жету жолында Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Ресейден келген қатысушылар бақ сынады.

ЕСМҰХАМЕД ИМАМБАЕВ, СҚО брейкинг бойынша бас жаттықтырушысы:
– “Брейкинг – шын мәнінде ерекше би. Ол күрделі акробатикалық элементтер мен би хореографиясын үйлестіреді. Небәрі 50 жылдың ішінде Нью-Йорк көшелерінен Олимпиада шыңына дейін жетті. Бұл брейкингтің бүкіл әлемде қаншалықты танымал әрі қуатты бағыт екенін көрсетеді деп ойлаймын”.

Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай бөлінген 7 номинация бойынша өнер көрсетті. Алдымен іріктеу кезеңі өтіп, үздік шыққандар жекелей баттлда кездесті. Бишілер акробатикалық элементтерін, техникасын және өзіндік стилін көрсетті. Олардың өнерін Астана мен Новосібір қалаларынан келген мамандар бағалады.

Никита Покиданов – омбылық биші. Ол бүгін – әрі қатысушы, әрі жаттықтырушы. Би додасына 200-ге жуық шәкіртінің арасынан іріктеп алған төрт ізбасарын ерте келіпті. Айтуынша, чемпионатқа жатпай-тұрмай екі ай дайындалған.

НИКИТА ПОКИДАНОВ, қатысушы, Омбы қаласы, РФ:
– “Балаларды жарысқа алып келдім. Олардың кейбірі іріктеуден өтіп, финалда бақ сынауға дайын. Өзім бұл би түрімен 20 жылдан астам уақыт айналысамын. Туған қаламда бірнеше топты жаттықтырамын. Брейкинг өте маңызды деп есептеймін. Себебі, бұл – өзіңді еркін көрсетуге мүмкіндік беретін бағыт. Ол динамикалық би, ырғақ, музыка мен еркін қимылды біріктіреді. Яғни брейкинг арқылы өзіңді танытып, ішкі дүниеңді жеткізе аласың”.

Ашық турнирдің жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар мен медальдар табысталды. Ал облыстық біріншіліктің нәтижесі бойынша Солтүстік Қазақстан облысының құрама командасы жасақталады. Олар желтоқсан айында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатында өңір намысын қорғайды. Қазір облыста брейкингпен 60-тан астам адам айналысады.

Жансая Дербисова