ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз”.
Мемлекет басшысы жақындағы Жолдауында тілге тиек еткен жұмыстар аққайыңдар өлкесінде қазірдің өзінде көрініс тауып жатыр. Осы күні Петропавлда заманауи көпбейінді облыстық аурухана салынуда. Құрылысы келер жылдың соңында аяқталып, 2028 жылдың басында ашылатын нысанға перинаталдық орталық көшіріледі. Яғни, мамандарға да, жүкті және босанған азаматшаларға да қолайлы орта қалыптаспақ.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, СҚО перинаталдық орталығының директоры:
– “Президентіміз денсаулық сақтау саласына айрықша тоқталды. Жаңа нысандар салынатынын айтты. Бұған қуанбасқа болмайды. Тұрғызылып жатқан заманауи көпбейінді облыстық ауруханаға қарасаң, бойыңды еріксіз шаттық кернейді. Жаңа әрі қолайлы орта – сапаның, жайлылықтың кепілі. Біз мұндай кешенді көптен күттік. Армандаған күнге жақындап келеміз”.
36 жылдық тарихы бар перинаталдық орталық – талай сәби шыр етіп дүниеге келген жер. Мамандар аса жауапты міндетті орындап отыр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің өкілдері де талмай еңбек етуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқандай, алдағы уақытта олардың табысы артады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді”.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, СҚО перинаталдық орталығының директоры:
– “Бұл алға жасалған нық қадам болады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек – ем-домның бастауы. Емханалардағы мамандар да жауапты жұмыспен айналысады. Өзіміздің бағытымыз бойынша айтатын болсақ, дәрігерлер қыз-келіншектерді, жүкті азаматшаларды қабылдайды. Тексереді, кем-кетікті анықтайды, кеңес береді, диспансерлік есепке қояды. Осы тізбекте қателік жібермеу керек. Бұл адамның денсаулығына, қорытындыға әсер етуі мүмкін”.
Білікті дәрігер Елена Калюжная денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер кадр тапшылығын жоюға да әсер ететінін айтты.
Байболат Култанов