Бір қолынан ысқырығы, ал екінші қолынан қызметтік таяғы түспейтін жандар – қоғамдағы маңызды мамандық иелері. Олар ауа райына, уақытқа қарамайды. Өздеріне жүктелген міндетті орындау үшін ала таңда да, қас қарайған шақта да жұмыстан табылады. Ербақыт Ержанов тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандаған. Бүгінде дегеніне жетті, өзі қалаған салада еңбек етіп жүр.
ЕРБАҚЫТ ЕРЖАНОВ, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы:
– “Аталған қызметте жүргеніме 3 жылдан асты. Ақтөбе қаласында білім алдым. Жұмыс жақсы, жас мамандар келсе қуанамыз. Күнде бірнеше адамға көмектесеміз. Алғысын айтып, тілегін жеткізсе бір марқайып қалам”.
Қоғамдағы тыныштықтың, жолдағы тәртіптің себепшісі саналатын жандар аз тынығады. Мерекеде демалыс жоқ, керісінше мамандар күшейтілген режимде еңбек етеді. Осындай сәтте жақындарыңның қолдауы және әріптестеріңнің түсінігі керек. Ербақыттың айтуынша, ұжымдағы қызметкерлердің бірлігі бекем. Өмірде де, жұмыста да бір-бірін қолдап тұрады.
ЕРБАҚЫТ ЕРЖАНОВ, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы:
– “Ұжым жақсы. Кез келген сәтте көмектесуге дайын тұрады. Біздің 3-ші взводта 30 адам болса, 30 ағайынды сияқты болып кеттік. Бәрі бір-біріне жақсы қарайды. Жұмыс тәртібіне тоқталсақ, 12 сағат 1 күн күндіз, келесі күні кешке түсеміз, одан ары күні – 1 күн демалыс. Мереке күндері болсын, бақылау күшейетін кезде күнде жұмыс істейміз”.
Жұмыстан шаршаған сәтте көмек ұсынылған тараптан айтылатын алғыс жанға қуаныш пен қуат сыйлайды. Ал мұндай оқиғалар қыста жиілейді. Адамдар техникалары бұзылып, жолдан қалады, ауа райы бұзылғанда далада тұралап қалады.
ДӘУЛЕТ ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны:
– “Маған 2 жыл бұрын полиция қызметкерлері көмектесті. Көкшетаудан келе жатқанбыз, боранда машинам оталмай қалды. Оқиға орнына мамандар келді. Бірден амандық сұрасып, жәрдем берді. Қатты риза болдым. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Жастардың бұндай қиын жұмысты абыроймен атқарып жатқандары – зор мақтаныш”!
Бүгінде облыстық патрульдік полиция батальонында 272 қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсысы жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау жасап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызмет атқарып жүр.
Аружан Султанова