Заң

Заң және тәртіп: Қызылжар ауданында балалардың қауіпсіздігі талқыланды

Балалардың жолдағы қауіпсіздігі алаңдатарлық түйткілдердің бірі болып қала береді. Бүгінгідей тұманда, алдағы қыстың борандарында бұл мәселе одан сайын өзекті бола түседі. Осыған орай Бескөл ауылында “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Арнайы мамандар тобы мектеп оқушыларымен ашық диалог форматында сөйлесті.

МАКСИМ ДОРОВИК, Қызылжар ауданы прокурорының орынбасары:
– “Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу. Балалар мектепке барарда да, үйге қайтарда да, демалыс күндері де жолда мұқият болуы керек. Әсіресе, құлаққап тағып, айналаға назар аудармай жүруден сақтану қажет. Тағы бір мәселе – қысым көрсету. Қысымның әртүрлі түрі бар. Егер балалар қандай да бір күмәнді жағдайға тап болса, бұл туралы ата-анасына, мұғаліміне немесе полиция қызметкерлеріне хабарлауы керек”.

Кездесу “Парасат” мектеп-лицейінде өтті. Оған 7-11 сынып оқушылары қатысты. Ислам Қайырлы – белсенді шәкірттердің бірі. Ол әр жоғары сынып оқушысы тәртіп бұзбай, кіші буынға үлгі болуы керек деп санайды.

ИСЛАМ ҚАЙЫРЛЫ, “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:
– “Біздің мектепте жол жүру ережелері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мектеп парламенті де оқушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге атсалысады. Біз өзіміз жол ережелерін сақтап, кішкентайларға үлгі болуымыз керек. Себебі, қауіпсіздік әр адамның өзінен басталады”.

“Парасат” мектеп-лицейінде 332 оқушы оқиды. Мектеп басшылығы балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударады. Сондықтан осындай кездесулер білім ұясында үздіксіз ұйымдастырылып отырады және балалардың өздері де іс-шаралар өткізіп тұрады.

Профилактикалық жұмыстар ауданның 42 мектебін қамтыды. Қызылжар ауданында жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар санының азаю үрдісі байқалады. Бұған алдын алу жұмыстары септігін тигізіп отыр. Мысалы, балалары түнгі уақытта далада жүрген ата-аналарға қатысты 90-нан астам әкімшілік материал толтырылған.

Аружан Султанова