Заң

Тайынша ауданында ауылдық округ әкімі аяқталмаған жұмысты қабылдаған

Петропавлда Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында мемлекеттік қызметшілерге қатысты үш тәртіптік іс және үш профилактикалық мәселе қаралды. Алғаш сын таяғының астына алынған – Тайынша ауданындағы Киров ауылдық округінің әкімі Дина Жағыпарова. Ол автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарының орындалғаны туралы актіге қол қойған. Алайда, жұмыс толық аяқталмаған. Яғни, басшы тындырылмаған шаруа үшін қазынадан ақша аудартыпты.

СҰЛТАНБЕК СӘКІБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– “Қызметтік тексеру барысында әкімнің автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарының орындалғаны туралы актіге қол қойғаны анықталды. Алайда, құжатқа іс жүзінде орнатылмаған, жалпы құны 621 мың теңге болатын 32 жол белгісі енгізілген. Атқарылған іс бойынша прокуратура өкілдері тексеріс жүргізді. Басшының кінәсі толықтай дәлелденген.

Сырт көзге күнделікті өмірдегі бұзушылық ретінде көрінеді. Дегенмен, ауылдық округ әкімі қазынадан бағытталатын әрбір теңгеге жауап беруі тиіс. Мемлекеттік қызметке кір келтірген басшы ескерту алуы немесе қызметтен босатылуы мүмкін. Өзінің ісін 9 бұрын ғана жұмысқа кіріскен Дина Жағыпарова былай түсіндірді.

ДИНА ЖАҒЫПАРОВА, Киров ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:
– “Жобалық-сметалық құжаттама бұрынғы әкімнің кезінде жасалды. Мен өзім 30 жыл бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еттім. Актіге жұмысқа жаңа орналасқан кезде қол қойдым. Мәселенің жай-жапсарын білмедім. Сондықтан осындай қателіктер кетті”.

Лауазымды тұлға бұған дейін теріс қылыққа бой алдырмапты. Кеңес мүшелері осыны алға тартып шешім шығарды. Жақында аудан әкіміне Дина Жағыпароваға ескерту түріндегі шара қолдану жөніндегі хат жолданады.

 

 

 

Нурасыл Ахмет