Денсаулық сақтау

Петропавлға ерекше балаларды үйде оңалтуға арналған қондырғылар жеткізілді

Облыс орталығына тірек-қимыл аппараты бұзылған ұл-қыздарға арналған техникалық қондырғылар жеткізілді. Арнайы құрылғылар “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен сатып алынды. Игі бастама “Мүмкіндігі шектеулі балаларды үй жағдайында оңалту” жобасы аясында жүзеге асып отыр.

АЯГӨЗ СЕЙІТЗАДИНА, ҚР ЕХӘҚМ “Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық орталығы” СҚОФ директоры:
– “Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен іске қосылды. Мекемеге ағылшындық 16 қондырғы әкелінді. Оның ішінде жүріс және баланы тік тұрғызуға арналған құралдар мен көпфункционалды орындықтар бар. Қазіргі таңда облыста тірек-қимыл аппараты бұзылған 500-ге жуық бала бар. Оның тең жартысы аудандарда тұрады. Әрине, қондырғылар барлығына бірдей жетпейді. Бірақ, осының өзі зор көмек”.

Арнайы құрылғыны алу үшін ата-аналар алдымен балаларын мекемеге әкеледі. Мұнда реабилитолог ұл-қыздарды тексеріп, қажеттілігіне қарай құрал таңдайды.

АЯГӨЗ СЕЙІТЗАДИНА, ҚР ЕХӘҚМ “Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық орталығы” СҚОФ директоры:
– “Өзіміздің арнайы технигіміз бар. Ол ата-аналарға құрылғыларды қалай қолдану қажеттігін үйретеді. Ерекше балалардың ата-аналары қондырғыны үйге алып кетіп, жарты жылға дейін қолдана алады. Жабдықтарды 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарға ғана береміз. Барлығы тегін.

Зарина Қапарованың баласы 5 жаста. Туа біткен ми ақауына байланысты өздігінен жүріп-тұра алмайды, сөйлемейді. Нәзікжанды медициналық мекемеге арнайы қондырғылар келгеніне қуанышты. Жабдықтар жеткіншегінің оңалып кетуіне көмектесетініне сенеді.

ЗАРИНА ҚАПАРОВА, қала тұрғыны:
– “Балам еңбектейді, отыра алады. Қазір бізге ең алдымен жүру құралы қажет. Алдағы уақытта арнайы орындық алуды да жоспарлап отырмыз. Мұндай жабдықтарды алуға біздің шамамыз жетпейді. Мемлекет тарапынан бізге зор қолдау көрсетіліп жатыр. Алғысым шексіз”.

Айта кету керек, облыста 2 жарым мыңнан астам ерекше бала бар. Өкінішке қарай, сандар жыл сайын артып барады. Бейінді басқарманың хабарлауынша, биыл өңірде дүниеге келген әр бесінші баланың мүгедектігі бар.

Нурасыл Ахмет