20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні. Осыған орай Петропавлда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесуге мектеп парламенттерінің көшбасшылары, балалар ұйымдарының өкілдері, педагогтер мен мемлекеттік орган мамандары қатысты. Басты мақсат – жасөспірімдерге өз құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіріп, қандай да бір заңбұзушылыққа тап болған жағдайда кімге жүгіну керектігін айту.
ЗӘМЗӘГҮЛ ТҰРЛЫБАЕВА, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:
– “Облысымызда 400-ден астам білім беру ұйымы бар. Ұйымдардың әрқайсысында мектеп президенттері мен балалар бірлестіктерінің көшбасшылары жұмыс істейді. Оларға балалардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту міндеті жүктелген. Сондай-ақ, олар оқушылардың ой-пікірлері мен бастамаларын жеткізуші өкілдер саналады. Бүгінгі алаңда балалар өз ұсыныстарын мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей жеткізе алады”.
Өңірде 119 мыңнан астам бала тұрады. Соңғы 3 жылда елімізде балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды. Құжаттарда буллинг, қорлау және кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсету үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ психологиялық көмек көрсету жүйесін дамыту көзделген. Биыл тамыз айынан бастап балалардың құқықтарын қорғау басқармасы жұмысын бастады. Алғашқы 4 айда мекемеге 80-нен астам өтініш түскен.
МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы:
– “Біздің мақсатымыз – балаларға өз құқықтарымен қатар міндеттерін де түсіндіру. Өйткені, жасөспірімнің нені ойлайтынын, оған не қызық екенін, қандай мәселелер мазалайтынын өзінен артық ешкім білмейді. Сондықтан олардың пікіріне құлақ асып, мәселелерін ашық айтуына мүмкіндік беру маңызды. Әр бала көмек сұрап, өз құқығын қорғау үшін немесе құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу үшін біздің басқармаға жүгіне алады. Сонымен қатар біз 111 байланыс орталығымен бірлесе жұмыс істейміз”.
Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауда құқықтық сауаттылықтың да маңызы зор. Бала өз құқықтарын біліп қана қоймай, әділетсіздікке тап болған жағдайда кімнен көмек сұрауға болатынын түсінуі керек.
НАТАЛЬЯ ҚОЖАБЕКОВА, СҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
– “Біздің міндетіміз – әр адамның өз құқығын біліп, оны өз бетінше қорғай алуына жағдай жасау. Соның ішінде сотқа және басқа да құзырлы органдарға жүгіну тәртібін түсіндіру маңызды. Әсіресе жастарға баса назар аударамыз. Өйткені, құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру қажет”.
Балалардың құқықтары бұзылған жағдайда Петропавл қаласы, Васильев көшесі, 69 мекенжайы бойынша орналасқан нысанның екінші қабатына жүгінуге болады. Байланыс телефондары тиісті мекемелердің ресми сайттарында жарияланған.
Аружан Султанова