Мәдениет

Петропавлда “Ақ бата-асыл мұра” облыстық байқауы өтті

Ақ бата – ізгі тілек пен кіршіксіз ниеттің көрінісі. Үлкеннің тілегі мен өнегесі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын сақтайды. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде «Ақ бата – асыл мұра» атты облыстық байқау өтті. 10 этнос өкілін біріктірген шарада қазақтың салт-дәстүріне деген құрмет сахна төрінде паш етілді.

НҰРЛАН ЖАМАНТАЕВ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– “Байқауға 14 пен 17 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері қатысып жатыр. Негізгі мақсат – қазақ халқының құндылығы саналатын бата беру дәстүрін насихаттау, оның маңызын жас ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар, жастардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүрімізге құрмет көрсету”.

Байқау 3 кезеңнен тұрды: қатысушылардың таныстыруы, ел тәуелсіздігі туралы бата және еркін тақырыпта тілек білдіру. Өзбек ұлтының өкілі Афруз Амонов қазақ тілін кішкентай кезінен біледі. Ол үшін ақ батаның мәні ерекше. 10-сынып оқушысы ұлттық дәстүрге құрметпен қарайды. Байқауға тыңғылықты дайындалып, ағаларымыз бен апаларымыздың аузынан түспейтін батаны таңдаған.

АФРУЗ АМОНОВ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– “Бүгін бірнеше кезеңде өнер көрсетемін. Өзбек ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыратын сәлемдесу сөзін айтамын. Тәуелсіздік тақырыбына және мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаға арнап бата беремін. Біздің мектепте әр ұлттың тілі мен дәстүріне құрметпен қарайды”.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулардың маңызы – ұлттық дәстүрді жас ұрпаққа танытып қана қоймай, оның мәнін түсіндіру. Қазақтың болмасына құрметпен қарайтын жастар құр-қол қалмады. Олар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жансая Дербисова