Білім

Балалар кітапханаларының мамандары облыстық семинарда бас қосты

Балаларды кітап оқуға қызықтыру үшін кітапханашы да заман талабына сай болуы керек. Оқырманмен байланыс орнату, жаңа тәсілдерді қолдану және кітапты қызықты етіп таныстыру – бүгінгі маманға қойылатын талаптардың бірі. Осы мәселелер Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен семинарда талқыланды. Оған 13 ауданнан 20-дан астам маман қатысты.

ЕЛЕНА ТИМОЩУК, Ғ.Мүсірепов ауданы балалар кітапханасының меңгерушісі:
– “Әр кітапхана өзінше жақсы. Біздің кітапхананың ерекшелігі – оқырмандармен жұмыс істеумен қатар, облыстық кітапханамен тығыз байланыс орнатқанымыз. “Библиодостық” жобасы аясында ауқымды шаралар өткізіп, онлайн кездесулер ұйымдастырамыз”.

Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафоны белсенді жүріп жатыр. Оған солтүстікқазақстандық 20 мыңнан астам тұрғын қатысуда. Мамандардың айтуынша, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін кітапхана қорын жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырып отыру маңызды.

ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК бөлім меңгерушісі:
– “Заманауи кітапханашы қарым-қатынасқа бейім, өз ісіне қызығушылығы жоғары, оқырманмен тіл табыса алатын маман болуы керек. Ол оқырманның қызығушылығын оятып, кітап туралы қызықты етіп әңгімелей білуі қажет. Сонда оқырман кітапханаға жиі келіп, кітап оқуды әдетке айналдырады”.

Балалар кітапханашыларына арналған облыстық семинар жылына 2 рет өткізіледі. Мұндай кездесулер мамандардың кәсіби ізденісіне жол ашып, кітапханадағы жұмысты жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік береді.

Жансая Дербисова