Суды тиімді және үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мән-маңызы айрықша. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан сөзі. Аталған бағытта Тайынша ауданындағы “Астық-STEM” серіктестігі жүйелі жұмыс істеп келеді. Мұнда тіршілік көзінің әр тамшысы есеппен пайдаланылады. Агроқұрылым 2010 жылдан бері тамшылатып суару технологиясын қолданады. Бүгінде көкөніске арналған 300 гектар жер осы әдіспен суарылса, тағы 700 гектар алқапқа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған. Ең қызығы, кәсіпорын мамандары жүйені смартфон арқылы басқарады. Судың қысымы мен шығыны және қондырғылардың жағдайы қашықтан бақыланады.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық-STEM” ЖШС құрылтайшысы, Тайынша ауданы:
– Жүйе еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біз үшін тіршілік көзі – басты байлық. Әр тамшысын үнемдеп, өсімдік тамырына тікелей жеткізуге тырысамыз. Тамшылатып суару кезінде көкөніске сумен бірге қажетті қоректік заттарды да береміз. Нәтижесінде жыл сайын мол өнім алудамыз. Биыл картопқа арналған алқаптың әр гектарынан орта есеппен 60 тоннаға жуық өнім жинадық. Әл сәбізге арналған жердегі берекелік 100 тоннадан асты”.
Серіктестікте цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады
Мол өнім алып қана қоймай, оны сапалы сақтау да аса маңызды. Кәсіпорын қоймасында 4 мың тоннадан астам картоп сақтаулы. Мұнда немістік климат-бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұрын серіктестік мамандары нысандағы температураны қолмен бақылап, желдеткіштерді өздері қосып, өшіретін. Қазір бұл процесс толық автоматтандырылған. Тіпті, қондырғыда ақау шықса, жауапты қызметкерлердің смартфонына хабарлама келеді.
ЖАЛМЫРЗА УӘЛИЕВ, “Астық-STEM” ЖШС көкөніс қоймасының бригадирі, Тайынша ауданы:
– “Барлық картопты арнайы бөлмелерге бөлдік. Оның сапасын сақтау үшін арнайы желдету жүйесі қолданылады. Арнайы датчиктер бар. Жүйе өнімнің ішкі қызуын өлшейді”.
Агроқұрылымның тауарлы-сүт фермасы да цифрландырылған. Серіктестікте 350 бас ірі қара бар. Әр сауын сиыр тәулігіне 28 литр сүт береді. Кәсіпорында бір күнде 12 тонна ақ өндіріледі. Мұнда мал қорасындағы температура мен ылғалдылық датчиктер арқылы бақыланады. Желдеткіштер автоматты түрде қосылады. Тіпті, ферманы тазалайтын арнайы қондырғы бар. Олар белгіленген уақыт бойынша жұмыс істейді. Бір қызығы, тиімді бағдарламаны серіктестікте жұмыс істейтін инженер әзірлеген.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық-STEM” ЖШС құрылтайшысы, Тайынша ауданы:
– “Серіктестігіміздің 28 жылдық тарихы бар. 160-тан астам адам жұмыс істейді. Биыл 20 мың гектар алқапқа дән септік. Мол көлемде өнім алдық. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Ағымдағы жылы алқаптарымызға алғаш рет 2 жарым мың тонна жүгері ектік. Жұмысымыз алға басып, жоғары нәтижеге қол жеткіздік”.
Айта кету керек, Тайынша ауданында егін және мал шаруашылығымен айналысатын 350-ге жуық серіктестік бар. Агроқұрылымдар биыл егістік алқаптарынан 640 мың тонна астық жинаған. Тауарлы-сүт фермаларында 20 мың тоннаға жуық сүт өндіріліпті.
Нурасыл Ахмет