Экология

Жасанды интеллект арқылы экологиялық мәселелерді шешу

Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және заман игіліктері тиімді пайдалану. Петропавлда студенттер арасында «ЭкоХакатон: таза қалаға арналған шешімдер» атты сайыс өтті. Шараға 4 команда қатысты. Әрқайсысында 5 жас бар. Олар жасанды интеллект арқылы қоғамдағы өзекті экологиялық мәселелерді шешуі тиіс.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Шараға қаладағы колледждердің студенттерін шақырдық. Қазір жастарды түрлі отырыстар мен баяндамалар қызықтырмайды. Біз пікірталас пен сайыс өткізу арқылы ұл-қыздардың экологияға деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Сондай-ақ, талантты студенттерді анықтап, қабілеттерін одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Ұсынылған тиімді жобаларды болашақта пайдаға жаратуымыз мүмкін”.

Шарада студенттерге судың сапасын жақсарту, керексіз заттарды кәдеге жарату бойынша түрлі тапсырмалар берілді. Ұл-қыздар олардың шешімін смартфонға енгізілген бағдарламалар арқылы табуы тиіс. Дәлірек айтсақ, жасанды интеллектіні қолданып, түрлі жобаларды құрастыру қажет. Кейін қазылар алқасының алдында қорғауы тиіс.

АНГЕЛИНА УМНОВА, студент:
– “Керексіз заттарды кәдеге жарату бойынша жоба әзірлеп, оны қазылардың алдында мүдірмей қорғадық. Күнде қаншама дүниені қоқысқа тастап жатырмыз. Оларды қайта өңдеу арқылы қоғамға пайдамызды тигізуге болады”.

Сайыста жеңімпаз атанған команда бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында 700-ден астам шара өткен.

 

 

Сандугаш Кайырбек