Солтүстікқазақстандық муайтайшылар сонау Грекияда өткен Әлем чемпионатынан жарқын жеңіспен оралды. Биыл жаһандық жарысқа 100-ден астам елдің өкілдері қатысты. Шаршы алаңда бақ сынаған спортшылардың жалпы саны 1200-ден асып жығылады. Қазақстан құрамасы сапында 12 жерлесіміз болды. Сайыс қорытындысы бойынша олардың 11-і чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Бұл – мақтанарлық жетістік.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, СҚО муай-тайдан аға жаттықтырушысы:
– “Біздің облыстан бастапқыда 17 спортшы іріктелген болатын. Алайда, кейбірі жас санатын ауыстыруына, екіншісі тиісті салмақ дәрежесіне түсе алмауына байланысты жарысқа қатыса алмады. Дайындығымыз шамамен 1 айға созылды және 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде төзімділік пен жылдамдыққа басымдық берілсе, екінші кезеңде арнайы дене дайындығына көңіл бөлдік. Облыс құрамасы жақсы әзірленіп, жоғары нәтиже көрсетті деп есептеймін. Қазақстан құрамасы сапында біздің клуб өкілдері басқа клубтарға қарағанда алтын медальді көбірек жеңіп алды”.
Грекияда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылардың бірі – Арианна Черепанова. Ол муай-таймен 7 жылдан бері айналысады. 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жас қарсыластарының барлығын жеңген. Бұл – чемпионның әлемдік додадағы екінші алтын жүлдесі.
АРИАННА ЧЕРЕПАНОВА, муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы:
– “Грекиядағы Әлем чемпионатына жолдаманы Орал қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңіп алдым. Ол жарыста 2 жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңіске жеттім. Әлем біріншілігі мен үшін ерекше әрі есте қаларлық турнир болды. Ең маңызды жекпе-жегім Беларусь спортшысымен өтті. Қарсыласым – кикбоксингтен спорт шебері. Өте мықты қарсылық көрсетті. Екеуіміз де жеңіске бар күшімізді салдық. Нәтижесінде алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Бұл кездесу маған мол тәжірибе жинауға мүмкіндік берді”.
Арианна жеткен жетістікке Дастан Мырзабай да жетті. Ол әр сайысқа жігерін қайрап, ерекше тактикасын сайлап шыққан екен. Бұл спортшы өренге чемпион атануға мүмкіндік берді.
ДАСТАН МЫРЗАБАЙ, муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы:
– “Мен муай-таймен 5 жасымнан бастап айналысамын. Биыл 7 жылдан астам уақыт болды. Жарысқа дейін шамамен 7 келі салмақ тастап, 38 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Бұл жолы әкемнің де көмегі көп болды. Ол бұрын таэквондомен айналысқан, маған бірнеше әдіс үйретті. Нәтижесінде 2 дүркін әлем чемпионы атандым. Алдағы уақытта дайындықты күшейтіп, 3 дүркін жеңімпаз атанғым келеді”.
Әлемдік додада топ жарған спортшылар енді келесі жарысқа дайындықты бастайды. Жас муай-тай шеберлерін жақын арада Ақтөбе қаласында өтетін “Шығыс белдігі” республикалық турнирі күтіп тұр. Жеңіс жолын жалғастыруды көздеген жерлестеріміз бұл жарыста да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Сандугаш Кайырбек