Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, шетелдік білікті ғалымдармен тәжірибе алмасу және өңірге инвестиция тарту. Қозыбаев университетінде “Солтүстік Қазақстан облысы – Хэнань провинциясы” бизнес-форумы өтті. Шараға Аспанасты елінен 20-дан астам ірі компанияның басшылары арнайы келді. Алдағы уақытта қытайлық іскер жандар облыста қазақ-қытай аграрлық ғылыми кешенін тұрғызады. Агроөңдеу-индустриялық паркін құрады. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, игі бастамаларға сәттілік тіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа, тату көршілікке және өзара сенімге негізделген қарым-қатынас екіжақты ынтымақтастықты дамытуға берік негіз болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Қытайдың Хэнань провинциясымен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнатуға мүдделі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, өнімді терең өңдеу және логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар”.
Ғылыми кешен Қызылжар ауданындағы Михайловка ауылында салынады. Аумағы 71 гектардан асады. Бірнеше зертхана, жылыжайлар мен логистикалық орталықтар тұрғызу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін қытайлық компания 9 млрд теңге инвестиция құяды. Нысандардың құрылысы 2027 жылдың көктемінде басталады. Маңызды іс 1 жарым жылдың ішінде жүзеге асырылады деп күтілуде.
ЧЭНЬ ХУАЙАНЬ, “Henan Agricultural Investment Capital Co., Ltd” компаниясының бас директоры, ҚХР:
– “Облыс басшылығы жер телімдерін бөлу, кедендік рәсімдеу мәселелерін шешуге зор көмек көрсетуде. Сондай-ақ, қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етіп жатыр. Ынтымағымыз берік, бастағалы жатқан жұмысымыз жемісті болады деп сенемін. Біз жергілікті университетпен бірлесіп, тұқым шаруашылығы, агрохимия, тамақ өнеркәсібі және өнімді қайта өңдеу салаларында зерттеу жүргізгіміз келеді. Жүйелі жұмыс арқылы қос мемлекетке де пайда әкелуді жоспарлап отырмыз”.
Қазақ-қытай аграрлық технологиялар ғылыми кешені Орталық Азияда алғаш рет тұрғызылады. Шетелдіктер теріскейді тегіннен-тегін таңдаған жоқ. Облыстың аграрлық әлеуетіне ерекше назар аударыпты. Алдағы уақытта орталықтарда қытайлық ғалымдар мен теріскейлік оқытушылар бірлесе жұмыс істейді. Сондай-ақ, жүздеген жұмыс орны ашылады. Қозыбаев университетінің студенттері кешенге келіп, өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл аймақта білікті кадр дайындауға мүмкіндік береді.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
– “Орталықта тәжірибе алаңын құрамыз. Онда Аспанасты елінің ғалымдары мен университет оқытушылары Қазақстан мен Қытайдың үздік ауыл шаруашылығы сұрыптарын сынап, салыстырады. Соя, жүгері, бидай және басқа да дәнді дақылдардың өнімділігі жоғары түрлерін анықтауды жоспарлап отырмыз. Сапалы тұқым қорын да көбейткіміз келеді. Игі бастама арқылы студенттеріміздің біліктілігін арттырып, облыс диқандарына мол өнім алуға септесеміз”.
Айта кету керек, шара соңында қос тарап арасында ынтымақтасты одан әрі дамыту бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Нурасыл Ахмет