Петропавлда KYZYLZHAR HUB халықаралық көлік-логистикалық кешені салынбақ. Аумағы 102 мың шаршы метр болатын орталықтың құрылысына 29 млрд теңгеден астам инвестиция құю жоспарлануда. Жоба аясында тауарларды сақтау, өңдеу және таратуға арналған заманауи инфрақұрылым болады. Оның ішінде Ozon және Alibaba сияқты ірі электрондық сауда алаңдарының тауарларымен жұмыс істеуге арналған нысандар құру көзделген. Бұл жайлы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Royal Investment International компаниясының құрылтайшысы Марат Салиховпен өткен кездесу кезінде айтылды. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестормен бастаманың тұжырымдамасы жан-жақты талқыланды.
– “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Солтүстік Қазақстан облысы географиялық орналасуы жағынан бұл бағытта бірқатар артықшылықтарға ие. Өңір аумағы арқылы Ресейді Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа елдерімен байланыстыратын автомобиль және теміржол бағыттары өтеді”.
Осы бағыттағы жұмысты дамыту мақсатында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында көлік-логистикалық нысандарды орналастыруға арналған №8 қосалқы аймақ құрылды. Қазіргі уақытта оны дамыту бойынша бас жоспар әзірленуде.
Байболат Култанов