Спорт

Петропавлда атақты Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған турнир басталды

Еліміздің 19 өңірінен келген 300-ге жуық кикбоксшы Камиль Сафин атындағы облыстық бокс мектебіне жиналды. Бұл дода дәстүрлі 26-шы «Қызылжар» турнирі аясында өтіп жатыр және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісовтің рухына арналған. Сайыс 18-ші қарашада басталып, алдағы сенбіде аяқталады. Республикалық турнирдің биыл да ауқымы кең. Петропавлға Қазақстанның жан-жағынан сайдың тасындай іріктелген кикбоксшылар келді. Шаршы алаң шеберлерінің жалпы саны 100-ден асады.

ҚУАНДЫҚ СҰЛТАНҒАЛИ, Қазақстан кикбокс федерациясы төрешілер алқасының төрағасы:
– Бақ сынауға көп спортшы келді. Олар “Спорт шеберіне үміткер” деген атақты алғысы келеді. Жақында Таразда ел біріншілігі өтті. Сол сайыста мықтылар күш сынасты. Ал Петропавлда жастардың саны басым”.

Жастар тәжірибеміз аз немесе осалмыз деп тұрған жоқ. Бәрі шаршы алаңда ширақ қимылдайды, соққылары жойқын. Сондай жастың бірі – Бекзат Омаров. Қостанай облысының спортшысы алғашқы кездесуде айқын басымдықпен жеңді. Ол қарсыласына еш мүмкіндік бермеді.

БЕКЗАТ ОМАРОВ, турнирге қатысушы, Қостанай облысы:
– “Өткен республикалық турнирде жеңіліс таптым. Осы жолы жеңістен үміттімін. Жаңа алғашқы қарсыласымды жеңдім. Ұрымтал сәттердің бірінде аяқпен соққы жұмсап, есінен тандырдым. Жағдайы жақсы, өз-өзіне келді. Мына жерде осалдар жоқ. Чемпион атанғың келсе, ешкімді аямауың керек”.

Айтулы жарысқа Азамат Нұрпейісовтың әкесі Ерік Нұрпейісов құрметті қонақ ретінде шақырылған. 80-ге таяған жерлесіміз шаршы алаңда ұлын көргендей әсерде. Көзінде сағыныштың белгісі бар. Чемпионды тәрбиелеген азамат өткен күндерді еске алады, еріксіз күрсінеді.

ЕРІК НҰРПЕЙІСОВ, Азамат Нұрпейісовтің әкесі
– “Ертеректе бастады. Ол кезде Түркияға, Австралияға бару қиын еді. Біздің бала барды. Өмірден өтіп кетті”.

Елдің мақтанышы болған Азамат Нұрпейісов тепсе темір үзетін 28 жасында өмірмен қоштасты. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында биік белестерді бағындырған батырдың 1 ұлы өсіп келе жатыр.