Денсаулық сақтау

Медициналық колледжде “Тіс технигі” мамандығына қабылдау қайта жанданды

Петропавлдағы Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжде “Тіс технигі” мамандығына қабылдау қайта жанданды. Биыл бұл бағытқа 59 студент түскен. Болашақ мамандар тіс протездерін жасауды, оларды өңдеу мен қалыпқа келтіруді үйренеді. Теориялық сабақтан бөлек, тәжірибеге де басымдық берілген. Студенттер кәсіби дағдыларын арнайы зертханада меңгереді.

ТАИР МҰХАМЕДОВ, Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледждің студенті:
– “Қазір мен толық алынбалы протезді жылтыратумен айналысып жатырмын. Балауыз пластмассаға ауыстырылғаннан кейін протезді өңдеп, жылтырату қажет. Бұл мамандық маған қызық, себебі медицинамен қатар шығармашылықты да қамтиды. Протезді өз қолыңмен жасап, адамның өмірін жеңілдетуге көмектесесің. Оқу барысында тістердің құрылысын, оларды дұрыс орналастыруды және протез жасаудың түрлі әдістерін үйрендік. Қазір көбіне тәжірибемен айналысып, протездерді өзіміз жасап көріп жатырмыз”.

Бұған дейін “Фармацевт” мамандығында білім алған Анна Андреева қазір “Тіс технигі” мамандығын меңгеріп жүр. Бұл кәсіпте медициналық біліммен қатар, ұқыптылық пен қол шеберлігі де қажет. Бірінші курс студенті бүгін зертханадағы жұмыс барысын көріп, болашақта өзі де тіс протездерін жасап үйренуге қызығушылық танытып отыр.

АННА АНДРЕЕВА, Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледждің студенті:
– “Бұл сала медицинамен қатар шығармашылықты, дәлдік пен шеберлікті талап етеді. Қазір тістердің құрылысын, протез жасауға қажетті материалдар мен технологияларды үйреніп жатырмыз. Бүгін лабораторияға алғаш рет келіп, студенттердің протез жасап жатқанын көрдік. Маған өте қызық болды, енді өзім де жасап көргім келеді. Бір айдан кейін тәжірибеміз басталады, соны асыға күтіп жүрмін”.

Зертханада студенттер тіс протездерінің бірнеше түрін жасауды үйренеді. Атап айтқанда, алынбалы протездер, металлокерамикалық және тісті түзетуге арналған құрылғылар дайындайды.

ДМИТРИЙ ФИЛИМОНЕНКО, Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледждің оқытушысы, тіс технигі:
– “Оқу жылының басынан бері біздің зертханада 80-ге жуық студент білім алып жатыр. Студенттер мамандықты тереңірек меңгеріп, жұмыстың барлық кезеңін көреді. Алдымен балауызбен жұмыс істеуді, тістерді модельдеуді үйренеді. Кейін сканерлеу, компьютерде модельдеу сияқты технологияларды меңгереді. Тіс дәрігері пациентпен тікелей жұмыс істейді, ал тіс технигі дәрігердің тапсырмасы бойынша протездер мен түрлі конструкциялар дайындайды”.

Тіс технигінің жұмысы пациентпен тікелей байланыссыз жүргізіледі. Яғни, ол протезді дантист маман жазып берген нұсқау бойынша әзірлейді. Осы ретте тістің құрылысын жетік білу, материалмен жұмыс істеу және өлшемді дәл келтіру аса маңызды. Студенттер оқу барысында бойынша аталған кәсіби дағдыларды қалыптастырып, болашақта білікті маман болып шығады.

 

Жансая Дербисова