Білім

Кәсіби сұраныс-табысты түлек: Петропавлда студенттерге арналған облыстық форум өтті

Болашақ мамандар мен жұмыс ұсынушылар бір арнада тоғысты. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде студенттерге арналған облыстық форум өтті. Шара Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен колледждің 106 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Тағылымы мол шараға мектеп директорлары мен түрлі компанияның өкілдері арнайы шақыртылған.

ӘСЕМ ЖАКИНА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж директорының орынбасары:
– “Форум пленарлық және бірнеше панельдік сессиялардан тұрады. Түрлі шеберлік сабақтарын өткіземіз. Пікірталас алаңдарында білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылаймыз.

Шараға келген мектеп директорлары мен компаниялардың өкілдері ұл-қыздармен тәжірибелерімен бөлісті. Қызметте кездесетін қиындықтар мен мүмкіндіктер жайлы айтып берді. Мамандар студенттердің қарым-қабілеттерін байқап, дараланғандарын жұмысқа алуға ниетті. Форумның басты мақсаты да сол. Өңірде кадр тапшылығын жою, білікті маман даярлау және жастардың жұмыссыз жүруіне жол бермеу.

СЕРГЕЙ АЛЕКСАНДРОВ, IT-компанияның өкілі:
– “Компания мамандары медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге арналған түрлі бағдарламалар ойлап тапты. Біздің жүйе ақхалатты абзал жандарды қағазбастылықтан арылтады. Барлық портал мен ондағы мәліметтер бағдарламамызға енгізілген. Заман игілігін 150-ден астам медициналық мекеме қолданады. Бүгінгі шараға талантты жастарды көруге келдім. Біліміммен бөлісемін. Ұнағандарын жұмысқа алғымыз келеді”.

Шара аясында колледждің тапқыр студенттерінің жұмыстары ортаға қойылған көрме қанат жайды. Надежда Колесникова – “Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі” мамандығында оқиды. Кішкентай кезінен бастап ана тілді меңгерген. Мектепте қазақ сыныбында оқыған. Жалынды жас болашақ әріптестеріне арналған жаңа платформа ойлап тауыпты.

НАДЕЖДА КОЛЕСНИКОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті:
– “Қазақ тілі мен әдебиеті” пәні бойынша сабақтарды қызықты өткізуге болады. QR-кодты сканерлеу арқылы платформаға өтеміз. Баланың жасы мен тілді білу деңгейі бойынша тапсырмалар дайындадық. Түрлі картиналар арқылы балаларды қызықтырғымыз келеді.

Шарада түрлі шеберлік сабақтары өткізілді. Онда ерекше балалармен жұмыс істеу, есте сақтау әдістерін қолдану, заман игіліктерін сабаққа енгізу мәселелері талқыланды. Айта кету керек, оқу орнында мұндай шаралар жиі өтеді. Қуаныштысы, өз жемісін беріп отыр. Биыл колледжді 400-ден астам студент тәмамдаған. Оның 98 пайызы жұмысқа орналасыпты.

Нурасыл Ахмет