Петропавлдың аулаларын мас күйде бөгде әйелмен төбелескен нәзікжанды және анасын балағаттап, жанжал ұйымдастырған ер адам тазалап жүр. Бұл – тәртіпсіз қалалықтарға тағайындалған жаза. Мердігер ұйым оларға күн сайын 4 сағат ішінде жиналуы тиіс аумақты белгілейді. Жұмысқа шықпаған жағдайда тұлға қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының инспекторы:
– “Енді құқық бұзушы өз еңбегімен қоғамдық тәртіп пен абаттандыру жұмыстарына нақты үлес қоса алады”.
Бұл – сот шешімімен тағайындалатын әкімшілік айыппұлға балама жаза. Заңда көзделген жағдайларда құқық бұзушы қаржылай шығынға ұшырамай, өз күшімен қоғамдық аумақтардың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосады.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында мұндай жаза әкімшілік құқық бұзушылықтың 692 фактісі бойынша қолданылды. Қазір 576 адам жазасын өтеп болды. Қалғандары міндетті орындауды жалғастыруда
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының инспекторы:
– “Қоғамдық жұмыстар құқық бұзушылық жасаған адамның өз қатесін еңбек ету арқылы түзетуіне және қоғамға пайдасын тигізуіне мүмкіндік береді. Аталған жаза ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің тоғыз бабы бойынша көзделген”.
Әкімшілік соттар мұндай жазаны көбіне қоғамдық орындарды ластағаны үшін тағайындайды. Бұл санатта 240 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, көпшілік жерлерде мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық және отбасылық жанжал фактілеріне қатысы бар адамдар жазаланған.
Байболат Култанов