Білім

Манаш Қозыбаев – ғылымның биік шыңы, тарихтың түптамыры

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Қазақтың тарихымен ғылымында атағынан ат үркетін кім бар десе, ойланбастан Манаш Қабашұлы Қозыбаев дер едім. Ол саналы ғұмырында артынан өшпейтұғын із қалдырды. Отандық тарихнамада жеке ғылыми мектеп қалыптастырды. Саусақпен санарлығы емес, 90-ға жуық шәкірт тәрбиелеген арда азаматты неге тенеуіміз керек? Әрине таудан биік, теңізден терең тұлға деуге міндеттіміз”.

Қазақтың қаршадай ұлы бағындырмаған белес жоқ. Әрбір ісін айтсақ шағын кітап, кем дегенде ауқымды баяндама жазуға болады. Бұл тарихымызды майшаммен қарап, зерделеген Манаш Қабашұлының даралығының, тектілігінің айқын белгісі. Көпшілік білетіндей, қазақта Нағима Айтхожина дейтін көрнекті ғалым бар, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Әйгілі жерлесіміз 2000 жылы туған жеріне жасаған сапарында Қозыбаевқа жоғары баға берді. Оның атақты Қожаберген жырауға қатысты зерттеуін айрықша атап өтті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– “Ол Қожаберген жырауға байланысты “Дауылпаз баба Қожаберген” атты конференция өткізіп, баяндама жасады. Баяндамасында Манаш Қозыбаевтың айрықша орнын ғылыми тұрғыда баян етті”.

Манаштай марғасқаның өзге де еңбектерін айтпай кетпеске болмайды. “Қазақстан майдан арсеналы”, “Ақтандақтар ақиқаты”, “Ұлы ерлік”, “Қазақстан тарихы” атты монографиялары мәңгілік құрметке лайық. туындылар. Абайға да қатысты қалам тербеген тұлғаның жұмыстары Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық идеологияны қалыптастыруға әсер етті. Бұны көзі ашық, көкірегі ояу Мағжан сенген жастар жағы жақсы біледі. Олар Манаш пен әрдайым мақтанады.

ӘЛИ ЕРҚҰЛАНҰЛЫ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті
– “Манаш Қозыбаев атамыз қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін терең зерттеді. Ашаршылық жайлы түрлі баяндамалар жазды”.

Бойында рухы бар, білім мен ғылымға құштар жастар тұрғанда атақты ғалым, тарихшы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Манаш Қозыбаевтың есімі мен еңбегі ұмытылмайды. Ал ғұламаның аты берілген теріскейдің төріндегі қара шаңырақ тізгін ұстар ұл-қыздарды шығара береді.

Нурасыл Ахмет