Облыс орталығына озық ойлы оқушылар жиналды. Петропавлда “Qyzyljar FIRST Regional 2026” робототехника жарысы өтті. Оған өңір мектептерінен жиналған 60-қа жуық оқушы қатысты. 11 команданың намысын қорғаған жас өнертапқыштар өз жобаларын қазыларға таныстырып, білімдері мен шеберліктерін ортаға салды. Биылғы маусымның басты тақырыбы – қоршаған ортаны қорғау және сақтау.
ӘЙГЕРІМ МАҒАУ, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:
– “Жалпы, өңірлік кезеңді 3 категория бойынша өткізудеміз. “Discovery” санатына – 4-6 жастағы балалар, 6-10 жастағы балалар – “Explore” санатына, 10-16 жастағы балалар “Challenge” санатында қатысып отыр. Атап өтетін жағдай, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары облыс намысын ұлттық кезеңде қорғайды”.
Ұшқыр ойлы оқушылар қоршаған ортаны қорғау және сақтау бойынша терең зерттеу жұмысын жүргізіпті. Жастарымыз заманауи технология көмегімен өзекті мәселелерді шешуді көздейді. “Petrobil” командасын құрған “Білім-Инновация” лицей-интернатының шәкірттері ағаштардың ауруын ерте анықтауға арналған жоба әзірлеген. Олар бұл бастаманы орман шаруашылығы мамандарымен бірге жүзеге асырған.
ГАУХАР СЕРІК, “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:
– “Ағаш ауырған кезде оның ауруы басқа ағаштарға да таралуы мүмкін. Сондықтан біз ауруды ерте анықтауды мақсат еттік. Ол үшін акустикалық толқындарды пайдаланамыз. Дені сау және ауру ағашта толқындардың таралуы әртүрлі болады. Осы ерекшелік арқылы ағаштың жағдайын анықтауға болады”.
Ал Аққайың ауданындағы Полтавка орта мектебінің 4-сынып оқушылары егін жинау кезінде жануарлардың амандығын қамтамасыз етуді көздейді. Олар комбайншыларға “Эко-жарықшам” құрылғысын жасап шығарған. Жүйе техника жүргізушісіне көрінбейтін аймақта аң-құсы барын хабарлап, оны айналып өтуге мүмкіндік береді.
АРТЁМ ПАК, Полтавка орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– “Егін жинау кезінде комбайн жүргізушілері жануарларды байқамай қалуы мүмкін. Нәтижесінде жануар зардап шегеді, техника бүлінеді. Сондықтан біз комбайншыға белгі беретін құрылғы жасадық. Ол жануар бар екенін ескертіп, оны айналып өтуге көмектеседі. Бұл жобаға 1 айдан астам дайындалдық”.
Өңірлік кезеңнің үздіктері 2027 жылы өтетін ұлттық чемпионатқа жолдама алады. Бұл додаға орталық Азия елдерінің ең мықты оқушылары қатыспақ. Әзірге халықаралық жарыстың қайда және қашан болатыны белгісіз.
Аружан Султанова