Қоғам

Ауылдық ардагерлер ұйымының тәжірибесі ел көлемінде таныстырылды

Қызылжар ауданының құрамындағы Вагулин ауылдық округі өзінің бастауыш ардагерлер ұйымымен мақтана алады. Бірнеше елді мекеннің үлкендері бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп отыр. Олар қиындықта да, қуанышта да бас қосады, жәрдем береді, ақылдарымен бөліседі. Міне, осы тәжірибе Республикалық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында онлайн режимде талқыланып, көпшілікке таныстырылды.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Бүгінгі басқосуымыз Вагулин ауылдық округіндегі бастауыш ардагерлер ұйымының жұмыс тәжірибесін республика көлемінде таныстыруға арналады. Бұл – үлкен мәртебе. Бұл ұйымның көпжылдық тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі бола алады. Ауылдағы бірлік пен ауызбіршілікті сақтауда ардагерлердің еңбегі зор”.

Вагулин ауылдық округіндегі ардагерлер ұйымы 5 ауылдың тұрғындарын біріктіреді. Құрамында 300-ден астам адам бар. Олар жергілікті атқарушы органдармен және білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істейді. Негізгі бағыттардың бірі – аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау және жастарға тәлім-тәрбие беру. Биылғы шілде айында өңірге арнайы келіп кеткен республикалық кеңес өкілдері бірлестіктің жұмысын жоғары бағалаған.

ВАЛЕНТИНА ЯКОВЛЕВА, Вагулин ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы, Қызылжар ауданы:
– “Мен ардагерлер ұйымына зейнетке шыққаннан кейін келдім. Міне, осы салада 30 жылдан бері еңбек етіп келемін. Біздің ұйым 5 ауылды біріктіреді. Әр ауылда ардагерлер ұйымының төрағасы бар. Жергілікті әкімдікпен және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Басты мақсатымыз – қарттардың өмір және еңбек жолын, тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, жастарды елін құрметтеуге, бірлік пен татулықты сақтауға тәрбиелеу”.

Ел көлеміндегі жиынға 100-ге жуық адам қатысты. Басқосу барысында «Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар» жобасының Вагулин ауылдық округінде сәтті жүзеге асырылып жатқаны бірнеше мәрте атап өтілді. Қатысушылар мұндай бастамалардың қазіргі қоғамда маңызы аса зор деп біледі.

Жансая Дербисова