Спорт

Әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен теріскейлік толағайлар

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– “Рига-Астана-Петропавл! Дәл қазір “Қызылжар” халықаралық әуежайына толағайларымыз отырған ұшақ қонады. Олар Латвия астанасында сәтті өнер көрсетті. Еліміздің атын әлемге тағы бір мәрте танытты”.

Жерлестеріміз жоғары дәрежеде қарсы алған толағайлар – гір көтеру спорты бойынша өткен әлем чемпионатының қатысушылары. Олар артқан сенімді ақтады. Намысқа тырысқан сом білекті жерлестеріміз Латвия астанасында түрлі санаттағы жүлдені қанжығаға байлады. Халықаралық аренада Қазақстанның атын тағы бір мәрте асқақтатты.

АЛЕКСАНДР УСЕНОВ, гір көтеру спортынан жаттықтырушы:
– “Ригада өткен жаһандық жарысқа ең мықты 500-ден астам спортшы қатысты. Олар 30 мемлекеттің намысын қорғады. Қазақстан құрамасына келсек, ел командасында өңіріміздің өкілдері де болды. Өзім жаттықтырушы ретінде 2 шәкіртімді апардым. Біз Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылынан боламыз. Туған жерімізге асыға жеттік. 1 спортшым әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Бұл күнге тынымсыз еңбектің, жерлестеріміздің қолдауының арқасында жеттік”.

Әлемнің абсолютті чемпионы – Анастасия Беседина. Қаршадай қыздың бойында тау қопарарлық күш бар. Ол серпе көтеру сайысында 24 келілік гір тасын 78 мәрте көтерген. Қарсыластары бұл межеден асып түсе алмапты.

АНАСТАСИЯ БЕСЕДИНА, гір көтеру спортынан әлемнің абсолютті чемпионы:
– “Жарысқа дайындықты маусым айында өткен Қазақстан чемпионатынан кейін бастадым. Қарсыластарым мықты болды. Жаттықтырушымның қолдауы мен тыңғылықты дайындықтың арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын”.

Ал Максим Курочкин мамырдағы жетістігін қайталай алмады. Ол көктемде Бішкекте жастар арасында өткен әлем біріншілігінде күміске қол созған еді. Бұл жолы Латвиядан тек аса бағалы тәжірибе жинап қайтты. Жалынды жас мұңаймайды. Жерлесіміз бағындырар дода алда деп санайды.

МАКСИМ КУРОЧКИН, гір көтеру спортынан әлем чемпионатына қатысушы:
– “Жарыста үздік үштікке кіруіме қазылар алқасының әділетсіз бағалауы болды деп ойлаймын. Қарсыластарым да өте мықты болды. Сонымен қатар, 30 елдің өкілдері де бой көрсетті. Менің категориямда 12 адам болды. Бірақ мен мойымаймын. Алар асу әлі алда”.

Жалпы, Латвия астанасында өткен әлем біріншілігінде 8 солтүстікқазақстандық бақ сынады. Өзге жерлестеріміз облысқа алдағы күндері келмек. Олардың да жетістіктері баршылық. Мәселен, Виталий Диденко 5 бірдей алтын медаль еншіледі, ал Сергей Гутевич пен Ерік Әлібаев “Ардагерлер” санатында топ жарды.

Аружан Султанова