Кішкентай сәбилерге арналған киімдер мен ойыншықтарды күміс волонтерлер дайындап жатыр. Қолдарына ине-жіп алған зейнеткерлер әр бұйымды өз қолдарымен тоқып, перинаталдық орталықтағы нәрестелерге тарту етпек. Игі бастама Халықаралық шала туған балалар күніне орай ұйымдастырылды.
СӘУЛЕ ТАХМЕТОВА, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі:
– “2020 жылды Президент волонтерлер жылы деп жариялағаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Күміс волонтерлер» бастамашыл тобы құрылды. Содан бері түрлі қайырымдылық жобаларына белсенді қатысып келеміз. «Таза Қазақстан», «Мектепке жол» сияқты республикалық акцияларға атсалысамыз. Перинаталдық орталықпен тұрақты байланыстамыз. Уақытынан бұрын дүниеге келгендерді «асығыс туған сәбилер» деп атаймыз. Осындай бүлдіршіндерге қолдан келгенше көмектескіміз келеді”.
Волонтерлер киімдердің басым бөлігін қой жүнінен дайындайды. Олардың айтуынша, мұндай киімдер нәрестенің денесін жылы ұстап, қан айналымын жақсартуға көмектеседі.
БАҚЫТ ҒАЛИАҚПАРОВА, “Күміс волонтер” ұйымының мүшесі:
– “Біз уақытынан бұрын дүниеге келген сәбилерге арнап түрлі бұйымдар тоқимыз. Олар қажетті салмағына жеткенше арнайы орталықта болады. Сол балаларға кеудеше, бас киім, аяқ киім, шұлық тоқып береміз. Сонымен қатар, арнайы ойыншықтар да дайындаймыз. Осындай бұйымдар арқылы кішкентай бүлдіршіндерге өз қолымызбен көмек көрсетуге тырысамыз”.
Бұл бастамаға жаңадан қосылғандар да аз емес. Надежда Дозорец волонтерлер ұйымы туралы газеттен оқып, өзі де қайырымдылық жұмысына атсалысуды ұйғарыпты. Бүгінде сәбилерге арнап шағын көрпешелер тоқиды. Алғашқы дайын бұйымдар перинаталдық орталыққа табысталған.
НАДЕЖДА ДОЗОРЕЦ, “Күміс волонтер” ұйымының мүшесі:
– “Мен волонтерлер ұйымы туралы газеттен біліп, осы қатарға қосылуды жөн көрдім. Өзім де игі іске үлес қосқым келді. Шала туған сәбилерге арнап кішкентай көрпешелер тоқимын. Бұған дейін бірнешеуін перинаталдық орталыққа сыйлық ретінде апарғанбыз. Барлығымен бірге еңбек етіп, адамдарға пайдамды тигізгім келеді”.
Бүгін – Халықаралық шала туған балалар күні
Волонтерлер перинаталдық орталыққа арнайы барып, электрлі сүт сауғыш, жөргектер мен балаларға арналған арнайы киімдерін табыстады. “Күміс волонтер” ұйымы мұндай қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті. Тоқылған әрбір бұйым мен табысталған қажетті заттар – олардың жанашырлығының көрінісі.
Жансая Дербисова