Спорт

Солтүстікқазақстандық каратешілер Астанадан жеңіспен оралды

Петропавл теміржол вокзалына ашихара-карате шеберлері түсуде. Қолдарына кубок ұстаған, мойындарында жарқ-жұрқ еткен медаль бар. Жерлестеріміз Астанада өткен ел біріншілігіне қатысты. Өңірімізден барған 22 спортшы 20 мен 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, 20 жүлдеге ие болды.

ТОЙЖАН СЫЗДЫҚОВ, СҚО ашихара-карате федерациясының директоры:
– “Бұл жолы Қазақстан чемпионатына еліміздің 12 өңірінен 500-ден астам спортшы қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Шәкірттерімнің көрсеткен нәтижесіне көңілім толады. Біз біріншілікке тыңғылықты дайындалдық. Бәсекелестік өте мықты болды. Соған қарамастан спортшыларымыз жартылай финалға жетіп, финалға шықты”.

Жерлестеріміз біріншілікте 3 алтын, 8 күміс және 9 қола медаль еншіледі. Оңайға соқпады. Жастарымыз қарсыластарын соққының астына алды, лақтыру әдістерін де сәтті жасады. Нәтижесінде төбені көкке жеткізді. Қуаныш сыйлаған спортшының бірі – 6 жастағы Эмир Оспанов. Ол өзінің алғашқы ел чемпионатында бірінші орынға табан тіреді.

ЭМИР ОСПАНОВ, ашихара-каратеден Қазақстан чемпионы:
– “Мен бұл жарыста екі қарсыласпен күш сынастым. Олар осал болмады. Өзіндік айла дайындап келіпті. Алайда, есе жібермедім. Ерік-жігер мен жеңіске деген ұмтылысым алтын медаль сыйлады. Алғашқы чемпионатымда мұндай жүлде алу – мен үшін зор жетістік. Алдағы уақытта тоқтап қалмай, дайындықты жалғастырамын”.

Айта кетейік, жас спортшылар 11 желтоқсанда Астанада өтетін Азия чемпионатына қатысады. Байрақты бәсекеге ТМД елдерінің 10-нан астам мемлекетінің өкілдері қатысады.

Сандугаш Кайырбек