36 жылға жуық тарихы бар облыстық перинаталдық орталықта жыл сайын 3 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Оның ішінде мерзімінен бұрын туылған нәрестелер де бар. Биыл өңірде уақытынан ерте босану бойынша 112 дерек тіркелді. Ал орталық мамандарының көмегімен салмағы небәрі 1 келі болған 12 нәресте тиісті ем-дом шараларынан өтті.
Шала туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету үшін тәжірибелі мамандар қажет. Алайда, бұл салада дәрігер тапшылығы бар. Мәселені шешу мақсатында өңірде жас мамандарды қолдаудың арнайы бағдарламасы қолға алынған. Перинаталдық орталыққа жұмысқа қабылданған 7 жас маманның әрқайсысына облыстық аурухана қаражаты есебінен 5 млн теңгеден берілді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен 3 жарым млн теңге көлемінде көтермеақы қарастырылған.
НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:
– “Біз жас мамандардың жаңа ортаға бейімделуіне де көңіл бөлеміз. Оларға тәжірибелі дәрігерлер тәлімгерлік етеді. Басты мақсатымыз – мамандарды жұмысқа тарту ғана емес, олардың өңірде тұрақтап, сапалы медициналық көмек көрсетуіне жағдай жасау. Ал 5 млн теңге көлемінде қолдау алған дәрігерлер ауруханада 5 жыл еңбек етуге міндеттеледі”.
Жұмысқа қабылданған дәрігерлердің 5-еуі – акушер-гинеколог, 1-еуі – анестезиолог, тағы 1-еуі – неонатолог. Олардың 2-еуіне дәрігерлер үйінен пәтер берілген. Қалған мамандарды да баспанамен қамту мәселесі алдағы 2 жыл ішінде шешілмек. Орталық басшылығы мұндай қолдау кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді дейді. Индира Қошанова – акушер-гинеколог. Қызылорда облысының тумасы, Алматыдағы бейінді жоғары оқу орнының түлегі. Петропавлға келуінің бірден-бір себебі – тұмса табиғаты.
ИНДИРА ҚОШАНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:
– “Бірінші материалдық қолдау көрсетіліп отыр, қуаныштымын. Күнде таңертең аналар мен балаларға “обход” жасаймыз. Не керек, соның барлығын жасаймыз. Бас дәрігермен ақылдасып отырамыз”.
Қазір облыстық перинаталдық орталықтағы қызметкер саны 400-ге жақындады. Жас мамандардың келуімен кадр тапшылығы жойылды.
Аружан Султанова