Өнеркәсіп

Өңіріміздің омарташылары қысқа дайындалуда

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Ара шаруашылығы өкілдері үшін жұмыс маусымы аяқталғанымен тіршілік тоқтамайды. Қазір омарташылар үшін ең жауапты кезеңдердің бірі – жәндіктерді қыстауға дайындау науқаны жүріп жатыр. Олар мынандай арнайы жабдықталған орында жертөледе қыстайды. Мұндағы температура -2 мен +2 градустың арасында болуы тиіс”.

Сырт көзге қауіпті көрінгенімен адам баласына пайдасы аса зор жәндіктің дыбысын Олег Гаврилов 30 жылдан бері естіп келеді. Ол – бұл саланың білікті маманы. Омарташылықтың қыр-сырын әбден меңгерген петропавлдық қыстауға кететін араларына асқан мейіріммен көңіл бөледі. Ауладағы әр ұяға 20-25 келі бал салған. Табиғи тәтті – аралардың азығы. Қоректеніп, суық кезеңнен қысылмай шығу үшін жетуі тиіс. Егер қажеттілік туындаса, жәшіктердің аузын қаңтар-ақпанда қайта ашады.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы:
– “Аралардың күтімі ешқашан үзілмейді. Бал жинау науқаны аяқталған соң, оларды қайтадан тұрақты омартаға әкелеміз. Яғни, аулаға жеткіземін. Үйдің жанында қысқа дайындаймын, тіпті қажетті емдеу шараларын да жүргіземіз. Қазір барлығы қыстауға дайын. Күн суытып, аяз күшейген кезде жәндіктерді арнайы жабдықталған жертөлеге орналастырамыз. Сосын үнемі бақылаймыз. Мысалы, температура 2-3 градустан жоғары көтерілсе, есіктер мен желдеткіштерді ашып, бөлмені салқындатамыз. Ал сынап бағанасы айтарлықтай түссе, керісінше, есіктерді жауып, ішті жылытамыз”.

Солтүстікқазақстандық омарташылар Қытайға бал экспорттауды жоспарлап отыр

Омарташы үшін биылғы маусым жемісті болды. Солтүстіктің құнарлы алқаптарында, шөбі мол жерлерінде жайылған аралар 15 тонна бал берді. Олег Гаврилов дәмі таңдайдан кетпейтін әрі емдік қасиеті мол табиғи тәттімен шектелмейді. Бүгінде кәсіп иесі балдың 6 түрін қоса алғанда, 30-дан астам өнім әзірлейді.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы:
– “Қауымдастықтың құрамында 260-қа жуық омарташы бар. Жыл басынан бері облыста өткен 10-нан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатыстық. Астанада өткен шарада да өз өнімдерімізді ұсындық. Жәрмеңкелерде барлығы 500 келіден астам өнім саудаланды.

Қазіргі таңда теріскейлік омарташылар өндірген өнім еліміздің бірнеше қаласындағы сауда нүктелерінде сатылады. Қауымдастық өкілдері алдағы уақытта балдың түр-түрін Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр.

Нурасыл Ахмет