Заң

Интернет-алаяқтық: Петропавлда педагогтерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Петропавлда интернет-алаяқтықтың алдын алу арналған кезекті кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолғы шараның қатысушылары – педагогтер. Аталған жиын тегіннен-тегін өтіп жатқан жоқ. Жыл басынан бері 450-ге жуық жерлесіміз қулардың құрығына түскен. Оның 10 пайызға жуығы – білім саласының өкілдері.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Шараға қаладағы барлық мектептің педагогтерін шақырдық. Ұстаздарға алаяқтардың жаңа схемалары жайлы айтамыз. Қауіптен қорғану тәсілдерін үйретеміз. Сонымен қатар, киберқауіпсіздікке қатысты ақпараттық жаднама қағаздар таратамыз. Жыл басынан бері интернет алаяқтыққа арналған 50-ден астам шара өткіздік”.

Облыста интернет-алаяқтық фактілері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға төмендеген. Бірақ, келтірілген шығын көлемі былтырғыдан 15 млн-ға көп. Бақандай 1 млрд 188 млн теңгені құрайды. Тәртіп сақшылары бұның себебін айтып өтті.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– “Қоғамда алдын алу шаралары көбейді. Бұны алаяқтар жақсы біледі. Сондықтан олар тұрғындарды ірі көлемде шығынға батыруды көздейді. Күрделі тәсілдерді қолданады. Бір қуантарлығы, бұл тұрғыда адамдардың сауаты артқан. Бізге күн сайын орта есеппен 3 адам қоңырау шалып, өзіне алаяқтың хабарласқанын айтады”.

Қазіргі таңда алаяқтар тұрғындарға коммуналдық қызметтердің, медициналық мекемелердің маманы ретінде де хабарласады. Есептегіш құралдың жарамдылық мерзімін ұзарту немесе емханаға барып, тексерілу қажеттігін айтады. Онлайн кезекке тұру үшін SMS-хабарлама арқылы келген 4 таңбалы кодты сұрайды. Ұйымдастырушылар педагогтерге осы сияқты тәсілдерді кеңінен айтып берді. Ұстаздар естіген аса қажет мәліметтерді жұмыста әріптестерімізге айтып, өмірде ескере жүреміз дейді.

ӘСЕЛ ҚАРШАЛОВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның педагог-психологы:
– “Мектепте интернет-алаяқтыққа байланысты сынып сағаттары жиі өтеді. Тәртіп сақшылары да келіп тұрады. Мәселенің себеп-салдары жайлы талқылаймыз. Алаяқтардың арбауына көбінесе ересек адамдар мен зейнеткерлер түседі. Себебі, олар өте сенгіш келеді”.

Айта кету керек, бүгінде тәртіп сақшылары тергеу жұмыстарының нәтижесінде 177 млн теңгені иелеріне қайтарған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасын табады.

Нурасыл Ахмет