Қоғам

Әлемдік аренада ел мерейін асқақтатқан солтүстікқазақстандық спортшылар құрметке бөленді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– “Ел мерейін асырған спортшылар қай кезде болмасын құрметке лайық. Облыстық әкімдікте Жапонияда өткен Азия және Пара Азия ойындарында атой салып, қоржынға жүлде салған солтүстікқазақстандық спортшылар марапатталды. Әр жеңістің артында күн-түні төгілген тер, үздіксіз жаттығу мен қайсар мінез жатыр. Сондықтан қажырлы еңбек ақталып, атқарылған жұмыс бағалануы тиіс”.

Алқалы жиында Жапонияда өткен Азия ойындарында қос алтын еншілеген Алексей Луценко, бокстан қола жүлдеге ие болған Наталья Богданова, Азия Пара ойындарында ел қоржынына жүлде салған Иван Залезняк құрметке бөленді. Салтанатты шараның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, толағайларымызға сәттілік тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратындарыңызға сенім мол. Біз өз тарапымыздан көмекті аямаймыз. Көк туымыз көкте желбірей берсін!

Салтанатты шараға өңір мерейін асырып жүрген спортшылар мен ардагерлер қатысты. Саладағы өзекті мәселелерді көтерді. Алексей Луценко дүбірлі додаға қаңтардан бастап дайындалған. Қажырлы еңбек пен бапкерлердің қойған тактиканың арқасында жекелей және топтық сында топ жарып, Азия ойындарының 6-дүркін чемпионы атанды. Талай жыл мұрты бұзылмай келе жатқан рекордты жаңартты.

АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО, велоспорттан Азия ойындарының 6 дүркін чемпионы:
– Топтық жарыс мен үшін қиынға соқты. Қарсыластарымның деңгейі өскен. Тарихи рекордты жаңартып, ерекше сезімді бастан кешірдім. Азия ойындарынан кейін мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым. Талай жыл бойы аянбай тер төктік. Елді, үйді көрмей кеттік. Енді тынығып, отбасымның жанында болғым келеді”.

Ал Иван Залезняк V жазғы Азия Пара ойындарында F36 класы бойынша ядро итеруден сынға түсті. 12,71 метр нәтижесімен қола жүлдеге ие болды.

ИВАН ЗАЛЕЗНЯК, V жазғы Азия Пара ойындарының қола жүлдегері:
– “Бұл – Азия Пара ойындарынан еншілеген 3-ші қолам. Нәтижемді жақсарта алмағаныма өкініп жүрмін. Бірақ, алған бетімнен қайтпаймын. Сәл тынығып, дайындыққа кірісемін. Алда мені Өзбекстанда өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Пара Олимпиада ойындарына да лицензия еншілеуім керек”.

Салтанатты шара барысында ел мерейін асқақтатқан спортшыларға ақшалай сыйлықтан табысталды. Айта кетейік, аймақта спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 3 жылда салаға 42 млрд теңге бағытталған.

Нурасыл Ахмет