17 қараша – Халықаралық студенттер күні. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті үшін бұл датаның маңызы зор. Қазір қара шаңырақ қабырғасында мыңдаған жас жоғары білім алып, болашаққа нық қадам жасауға дайындалуда. Еліміздің ертеңі – осындай жастардың қолында. Сондықтан олар жан-жақты дамуы тиіс.
ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі-әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры:
– “Бүгінде университет түлегінің кәсіби даярлығы жоғары болуымен қатар, адал, жауапты, білімді, заңды, ұлттық құндылықтарды және қоршаған ортаны құрметтейтін азамат болып қалыптасуы маңызды. Бұл бағдарлар біз білім беру және сабақтан тыс қызметке жүйелі түрде енгізіп келе жатқан «Адал азамат», «Толық адам», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарынан көрініс табады. Сонымен қатар, қазіргі жастарды тек дәрістермен және дәстүрлі іс-шаралармен қызықтыру мүмкін еместігін түсінеміз. Жаңа форматтарды қолданып, студенттермен оларға түсінікті тілде сөйлесу қажет”.
Осындай жобалардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп әзірленген «ТЕМЩИКИ» студенттік сериалы. Жоба 100 мыңнан астам қаралым жинап, жастар арасындағы әлеуметтік тәуекелдердің алдын алудың тиімді құралына айналды.
ӘДІЛХАН ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі-әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры:
– “Сонымен қатар студенттеріміз экологиялық акцияларға, волонтерлік және қайырымдылық жобаларға қатысып, аға буын өкілдеріне көмектеседі, қаланы абаттандыру жұмыстарына атсалысады. Зияткерлік орта да дамып келеді: заманауи оқу кеңістіктері ашылып, кітап оқуды, ғылыми және шығармашылық қызметті насихаттауға жағдай жасалуда”.
Бүгінде Қозыбаев университетін көпшілік біледі. Жаһан жұртына танытуға атақты Аризона университеті септесті. Одан бөлек, «Серпін» бағдарламасы мен SERPIN WAY жобасы бар. Бұл бастамалар арқылы өңірімізге өзге аймақтардан жастар келіп, маман атануда. Іргелі білім ордасы әрмен қарай дамуды басты мақсат санайды.
Байболат Култанов