Білім

Президент Жолдауына қатысты ұстаз пікірі

Қазақстанда халық санының артқаны қуантқанымен, мүмкіндігі шектеулі балалардың ұлғайғаны көңілге қаяу салады. Бүгінде елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам ұл-қыз бар. Аз емес. Сондықтан бұл салаға жан-жақты көңіл бөлу керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет. Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн”.

Президент биылғы Жолдауында ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты пікір білдіргені мәлім. Мемлекет басшысының бұл ойы тағдырдың тауқыметін тартқан ұл-қыздардың да, олардың ата-аналарының да мұз көңілін сәл де болсын жібітті. Оң бастама солтүстікқазақстандық ұстаздар қауымын да қуантып отыр.

ЖІБЕК ЖАМҰЛДИНОВА, Ж. Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің директоры:
– “Елімізде осы балалардың тең жағдайда білім алуы үшін көңіл бөлінеді. Бұл ретте ұстаздар да жауапкершілікті сезініп, жұмыс істеуі тиіс”.

Күнделікті өмірде ұстаздар қауымы артық жұмысқа шағымданып жатады. Өкпе-ренішті білдіретіндей жөндері бар. Қосымша міндеттер уақытты, күшті талап етеді. Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев осыны да тілге тиек етті.

ЖІБЕК ЖАМҰЛДИНОВА, Ж. Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің директоры:
– “Бізде цифрлы платформалар көбейіп кетті. Олардың тиімді де, тиімсіз де тұсы бар. Ұстаздарды артық жұмыстан арылту керек”.

Солтүстікқазақстандық ұстаздар қауымы Президент Жолдауындағы өзге де бастамаларды қолдайды. Олар әр бастама Қазақстанды алға жетелеріне сенімді.

Байболат Култанов