Қоғам

Петропавлда “Digital Qyzyljar 2026” өңірлік форумы өтті

Робототехника, жасанды интеллект, 3D-модельдеу және цифрлық жобалар. Петропавлда “Digital Qyzyljar 2026” өңірлік форумы өтті. Басқосуға IT-компаниялардың өкілдері, бағдарлама әзірлеушілер, стартаперлер, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың мамандары қатысты.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO HUB филиалының директоры:
– “Форум аясында қатысушылар түрлі интерактивті алаңмен және жасанды интеллект фотозонасымен танысады.
Сондай-ақ, киберқауіпсіздік туралы ақпарат беретін робот-итпен тілдесуге болады. Бұдан бөлек, “Digital Youth” интерактивті кеңістігі, жергілікті IT-компаниялардың цифрлық жобалары мен стартаптар көрмесі ұйымдастырылған. Қатысушылар аудандық IT-орталықтарда жүзеге асырылып жатқан жобалармен де таныса алады”.

Интерактивті алаңдардан бөлек, өңірдегі цифрландыру жұмысын жүргізудегі мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, аудандардағы IT-инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және жас әзірлеушілерге қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді.

АЙДОС ЖӘЛЕЛ, “QYRAN” Creative & IT-орталығының басшысы, Ақжар ауданы:
– “Біздің “QYRAN” Creative & IT-орталығы, мында 4 аумақ бар. Осы аумақтарда біз негізінен киберспорт, 3D модельдеу және роботтармен жұмыс істейміз. Мақтанатын себебіміз бар. Ақжар ауданында осы роботтармен біздің балалар Астанаға жарыстарға барып келді, халықаралық, 2-ші орын алып келді. 3D модельдер арқылы бізге әртүрлі жеке кәсіпкерлер келеді, мысалы, бөлшек, пластмасса керек дейді. Неше түрлі нәрсе, детальдар болады, біз соларды 3D-принтер арқылы шығарып береміз. Сонда адамдар уақыт кетірмейді”.

Өңірлік IT-экожүйені дамытудың негізгі бағыттарының бірі – “Digital Aimaq” жобасы. Жоба облыс аудандарында креативті IT-орталықтар желісін құруды көздейді. Мұнда жастар заманауи технологияларды меңгеріп, бағдарламалау мен робототехника туралы білім алады. Сондай-ақ, өздерінің цифрлық жобаларын әзірлеуге мүмкіндік бар. Іс-шара технологиялық жобаларды таныстырумен және өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюмен қорытындыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен IT қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтып, теріскейде цифрлық экономиканың дамуына тың серпін бермек.

Аружан Султанова