Спорт

“Қуаныш” ВК түркістандық “Тұраннан” басым түсті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
160, “Қазақстанда волейболдан әйелдер лигасының 7-тур ойындары өтуде. Оның аясында жергілікті “Қуаныш” ВК өз алаңында түркістандық “Тұранды” қабылдап жатыр. Ойын фавориті – теріскейлік команда. Осыған дейін қарсыластан бірнеше мәрте басым түскен, турнирлік кесте де жоғары тұр. Бірақ, спортта бәрі болуы мүмкін”.

Әр ұпай үшін жан алысып, жан беріскен тартыс. Ойын өте жоғары деңгейде өтті. Әр команданың ойыншылары допты зеңбіректің оғындай зу еткізіп, қарсылас алаңына бағыттады. Спортшылар үшін оны қабылдау қиынға соқты. Әдемі комбинациялар мен берік тосқауылдар матчтың көркін қыздырды. Ойынға келген жанкүйерлер қос команда арасындағы тартыстан ләззат алып отырғандарын жеткізді.

Ойында әр ұпай үшін қызу тартыс жүрді. Әр партияның ортасына дейін тең есеп сақталды. Сет соңында жергілікті волейболшылар қарқынға қарқын қосып, бапкер қойған тактиканың арқасында жеңісті жұлып алып отырды. Матч 4 партияға созылды. Ойын қорытындысы бойынша теріскейліктер 3 те 1 есебімен жеңіске жетті. Тек 3-ші сетте ойыншыларымыз босаңсып кетті ме, жеңісті уыстан шығарып алды.

БАЛАЙЫМ ҚОЙЛЫБАЕВА, “Қуаныш” ВК ойыншысы:
– “Осыдан 2 апта бұрын сырт алаңда талдықорғандық “Жетісу” командасымен кездестік. Келген соң “Тұранға” арналған тактика құрдық. Қарсылас өте мықты. 3-ші партияда қалай ұтылып қалғанымызды білмей қалдық”.

Қазіргі таңда “Қуаныш” волейбол клубы турнирлік кестеде 2-ші орында тұр. 8 ойында 20 ұпай еншілеген.

САЙМ ПАККАН, “Қуаныш” ВК бас жаттықтырушысы:
– “Соңғы 2 апта біз үшін қиынға соқты. 3 орталық тосқауылшымыз жарақат алып, қатардан шықты. Сондықтан жас ойыншыларды алаңға шығаруға мәжбір болдым. Жастар үмітімді ақтады. Өнерлеріне көңілім толады. Чемпионат жуырда басталды. Маусым соңына дейін әр матчта жеңіске жету үшін бар күшімізді саламын. Басты мақсат – ел біріншілігінде жеңімпаз атану”.

Теріскейлік волейболшылар келесі ойынын 28-ші қараша күні сырт алаңда өткізеді. Қарсылас – өскемендік “Берел” командасы.

Нурасыл Ахмет