Қоғам

Кәсіпке жас шектеу емес: 71 жастағы петропавлдық асқабақ шырынын сату үшін ЖИ-ді меңгеруде

Зейнет жасына жеткен соң да жаңа кәсіп бастауға болады. Бұған 71 жастағы Төлеу апамыздың талпынысы дәлел. Биыл ол саяжайында асқабақтан мол өнім жинап, одан табиғи шырын дайындаған. Бастапқыда балалар мен немерелеріне арнап жасаған сусынына кейін өзгелер де қызығушылық таныта бастапты. Енді ол өз еңбегін табыс көзіне айналдыруды көздейді.

ТӨЛЕУ МҰҚАТОВА, кәсіпкер:
– “Биыл саяжайымда асқабақтан мол өнім алдым. Асқабақтың пайдасын білген соң, одан шырын дайындауды жөн көрдім. Алғашында немерелеріме арнап жасадым. Табиғи, пайдалы өнім ішсін дедім. Немерелерім де шырынды сүйсініп іше бастады. Содан кейін еңбегім зая кетпесін деп, оны сатуға шешім қабылдадым. Енді өнімімді интернет арқылы ілгерілеткім келеді”.

Жаңа істі қолға алу үшін өнім дайындау жеткіліксіз. Оны нарыққа шығару, бағасын белгілеу және тұтынушыға таныстыру да маңызды. Осыны түсінген Төлеу Мұқатова “Кәсіпкер әйел” оқыту курсында маркетинг пен цифрлық құралдарды меңгерген. Бұған дейін экономист, кейін бухгалтер болып еңбек еткен кейіпкеріміз үшін өнімнің өзіндік құнын есептеу қиын болмаған. Ал жасанды интеллектіні пайдалану – жаңа тәжірибе.

ДИНАРА ТӨЛЕГЕНОВА, “Кәсіпкер әйел” жобасының спикері:
– “Мені Төлеу апамыздың жобаға қатысқаны ерекше таңғалдырды. 70 жастан асқан адамның маркетингті меңгеруге ниет білдіруі қуантады. Оның цифрлық құралдарды, соның ішінде жасанды интеллектіні өздігінен игергені тәнті етті. Ол өз өнімінің бағасын есептеп, жеңілдік жасай ала ма, жоқ па, соны түсінді. Қазір асқабақ шырынын тұтынушыға жеткізіп, сатылымға шығаруға ынталы. Біз де оған осы бағытта көмектесеміз”.

5 күндік оқытуда маркетинг, қаржы және цифрлық құралдарды қолдану жолдары қамтылды. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған 26 қатысушыға арнайы сертификат табысталды. Ал Төлеу Мұқатова енді асқабақ шырынын әлеуметтік желі арқылы ұсынып, тұрақты тұтынушылар табуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, зейнетке шыққаннан кейін де ізденіп, жаңа істі үйренуге мүмкіндік бар. Ал қолға алған кәсібінің болашағын уақыт көрсетеді.

Жансая Дербисова