Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның екі модульдік бекеті ашылды. Табиғаты көркем төңірекке жыл сайын ондаған мың турист келеді. Жазда көлік ағыны аса жоғары. Сондықтан аталған аумақта тәртіп сақшыларының санын арттыру керек болды. Мақсат жүзеге асты. Жергілікті биліктің қолдауымен мамандарға қызмет атқаруға және азаматтарды қабылдауға қолайлы жағдай жасалды.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– “Жергілікті атқарушы органдар полицияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға зор мән береді. Жыл сайын қосымша қаражат бөлінеді. Тек биылдың өзінде 4,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды. Нәтижесінде патрульдік полиция қызметкерлерінің басым бөлігі жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілді”.
Шалқар көлінің жағасында 23 демалыс орны бар. Бұған дейін мұнда полиция жасақтары аудан орталығынан келіп жүрді. 33 шақырым 30-35 минут уақытты талап етті. Жаңа модульдік бекеттер Айыртау ауылының учаскелік полиция пунктінен – 9, ал Лобаново ауылының учаскелік полиция пунктінен 15 шақырым жерде орналасқан. Демек, шақыртуға бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жетуге болады. Заманауи модульдерде азаматтарды қабылдау кабинеті, шағын асүй мен жатын бөлме, душы бар санитарлық торап қарастырылған.
РУСЛАН НАЗАРОВ, СҚО ПД бастығы:
– “Полиция халыққа бұрынғыдан да жақындай түсті. Туристік полиция құру – Ішкі істер министрлігінің Имантау-Шалқар курорттық аймағында жүзеге асырған бастамасы. Бұл – «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын нығайтуға қосылған үлкен үлес”.
Салтанатты ашылу рәсімінде тәртіп сақшыларына жаңа қызметтік автокөліктердің, квадроциклдердің және жылжымалы полиция пункттерінің кілттері де табысталды.
ЕЛЖАС МАҚҰЛОВ, Айыртау аудандық ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы:
– “Бұл модуль заманауи озық технологиялармен жабдықталған, интернет желісіне қосылған. Мұнда бір патрульдік автокөлік бар. Сонымен қатар, жолсыз жерлерді аралауға арналған квадроцикл берілді. Бұл аумақта таулы жерлер өте көп”.
Модульдік бекеттердің іске қосылуы – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа кезеңі. Өңірімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту нақты істермен жалғасуда.
Байболат Култанов