Қоғам

Алғашқы қар: коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысқа кірісті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Петропавлға түннен бері толассыз қар жаууда. Айнала бір-ақ күнде ақ көрпесін жамылды. Енді коммуналдық қызметтер көктемге дейін мамықтай ұлпаны жинаумен айналысады. Шаһарда қауырт жұмыс басталып та кетті. Жауапты компанияның мамандары шаһарды қардан тазалап қана қоймай, түнде көктайғақ болмас үшін жолға құм-тұз қоспасын себуде”.

Сенбі күні Петропавлда қалыңдығы 3 мм-ден асатын қар түскен. Әзірге облыс орталығының көшелеріндегі ақ ұлпа механикалық түрде тазалануда. Яғни, сыртқа шығарылмайды. Коммуналдық қызметтер тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін жұмысты ерте бастаған. Маңызды іспен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов танысып, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “Коммуналдық қызметтер алғашқы қарға тас-түйін дайын болуы тиіс. Қысқы кезеңге әзірлікті алдын ала жүргіздік. Басты мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқыс оқиғалардың алдын алу. Ең алдымен негізгі көшелерді, қоғамдық орындарды, жаяу жүргіншілер өткелін және автобус аялдамаларын ақ ұлпадан тазарту аса маңызды. Шеткері аудандар да назардан тыс қалмайды”.

Бұл – Әуезов көшесі. Бұл аумақты тазалаумен “ҚазМехМонтаж” серіктестігі айналысады. Жауапты компания өкілдері маңызды іске таңғы 4-тен кірісіпті. Мамандар алдымен ақ ұлпаны жинаған, кейін жол мен жаяу жүргіншілер өткеліне көктайғаққа қарсы қоспаны сепкен.

ДУЛАТ ЖАХИН, “ҚазМехМонтаж” ЖШС бас инженері:
– “Бүгінгі тазалық жұмыстарына 9 техника жұмылдырылды. Көшелерді қардан тазалап, жол қозғалысына кедергі келтіретін үйінділерді жинап жатырмыз. Көктемге дейін Әуезов көшесінен Крепостной көшесіне дейінгі аралықта жұмыс істейміз. Серіктестікте 50-ге жуық қызметкеріміз бар”.

Петропавлда көктемге дейін қар тазалау жұмыстарымен 9 мердігер ұйым айналысады. Маңызды іске 120-дан 170-ке дейін арнайы техника жұмылдырылады. Сондай-ақ, 500-ге жуық коммуналдық қызметкер бар.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– “Бүгін Петропавл көшелерін қардан тазартуға 80-ге жуық техника шықты. Техникалар жол жиектерін арнайы щеткалармен тазалап жатыр. Бұл көктайғақтың болмауына септігін тигізеді.

Қала тұрғындары алғашқы қарды, қысты асыға күткен. Бұл күні қаланың бас көшесінде серуендеп жүрген жандардың қарасы көп болды.
Бұл күні облыстың барлық ауданында толассыз қар жауды. Полиция қызметкерлері жолда күні-түні кезекшілік атқарды. Оның аясында жазғы дөңгелекпен жүрген көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Машиналарына қысқы шина салуды сұрады. Бұл жұмыс жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Нурасыл Ахмет