Қысқы маусымда қар мен көктайғақ жолдағы жағдайды қиындатады. Сондықтан жолдарды уақытылы тазалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Жыл басынан бері полицейлер жол инфрақұрылымына 2 мыңнан астам тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 1600-ден астам нұсқама берген. Өткен қысқы маусымда облыста 109 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тапты. Тағы 153 адам жарақат алды. Биыл мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер жауапты мекеме өкілдерімен кездесіп, қысқа дайындық мәселесін талқылады.
АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
– “Жиынға полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, “ҚазАвтоЖол”, “Қазгидромет” және басқа да қызметтердің өкілдері қатысты. Әр мекеменің өз міндеттері айқындалып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды күтіп ұстау және ауа райы қолайсызданған жағдайда жедел әрекет ету мәселелері талқыланды”.
Жансая Дербисова